2025 жылғы мониторинг қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзудың 122 дерегі анықталып, ондаған мемлекеттік қызметкер жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, 13 адам әкімшілік жауапкершілікке, 58 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Тағы 43 тұлға мемлекеттік қызметтен босатылған. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау аясында 655 ұсыным беріліп, оның 57%-ы орындалған.
Бұған дейін агенттік төрағасының орынбасары Салауат Мұқсимов Сенат отырысында жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру барысы туралы баяндаған. Оның айтуынша, өткен жылы Президент Жарлығына сәйкес агенттікке антикоррупциялық саясатты қалыптастыру және іске асыру, жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту және құқықбұзушылықтың алдын алу өкілеттігі берілген. Қазір бұл бағыттағы жұмыс жүйелі негізде жүргізілуде.
Антикоррупциялық саясат тұжырымдамасы шеңберінде жоспарланған 61 іс-шараның 46-сы орындалған, бұл 75%-ды құрайды. Реформалардың негізгі бағыттары ретінде цифрландыру және дебюрократизация айқындалған. Мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мен автоматтандыруды жалғастырып, жасанды интеллект технологияларын енгізуде.
Сонымен қатар «Цифрлық теңге» платформасында бюджет қаражатының қозғалысын түпкі алушыға дейін бақылауға мүмкіндік беретін «ақшаны бояу» пилоттық жобасы іске асырылып жатыр. Бұл тетік шығыстардың ашықтығын арттырып, қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі таңда Парламентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуге бағытталған екі заң жобасы қаралуда. Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның жаңа редакциясы әзірленген. Онда мемлекеттік қызмет құндылықтарын жаңарту, қызметкерлердің моральдық-этикалық бейнесіне қойылатын талаптарды күшейту, клиентке бағдарланған модельді енгізу және алдын алу тетіктерін күшейту көзделген.
Агенттік өкілдері жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру және халықаралық ұсынымдарды іске асыру жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.һ
