"428,7 млрд теңге...". Асылов жемқорлардан қайтарылған ақша туралы есеп берді

Көркем Алдабергенова 24 қаң. 2025 12:44 60536

Бас прокурор Берік Асыловтың атап өткеніндей барымта-сырымтамен келген активтерді елге қайтару қарқынды жүруде. Бұл туралы Dalanews.kz хабарлайды. 

Асыловтың мәліметінше, былтыр 428,7 млрд теңге мөлшерінде ұрланған активтер қайтарылған.

Заң субъектілерімен келісімдер бойынша 48 млрд теңгеден астам сомаға 15 әлеуметтік және инвестициялық жоба іске қосылған. 

Халықаралық тәжірибені ескере отырып, сот тәртібімен түсініксіз шыққан активтерді мемлекет кірісіне айналдыру практикасы енгізілген. Қазір нәтиже бар екенін айта кету жөн болады (10 миллион долларға талап қанағаттандырылды, сома өтелді). Сонымен қатар, мүлікті ерікті түрде кері қайтару бөлігінде субъектілермен жұмыс жүргізіліп жатыр, – дейді Асылов.

Айта кетейік, мемлекетке қайтарылған активтерді сатып, бюджетке бағыттау Қаржы министрлігіне қарасты Қайтарылған активтерді басқару компаниясына жүктелген. Қайтарылған активтер әртүрлі. Бұл туралы компанияның бас директоры Қуанышбек Мұқаш егжей-тегжейлі мәлімет берген болатын. 

"Бұған зергерлік бұйымдардан бастап жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға дейінгі нысандар кіреді. Компания құрылған сәттен бастап оның балансына жалпы құны 89,9 миллиард теңгені құрайтын 70 түрлі актив – тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік, өндірістік базалар, компаниялардың жарғылық капиталындағы үлестер, аяқталмаған құрылыс нысандары, жер учаскелері, автокөліктер, тауар-материалдық құндылықтар, негізгі құралдар және 196 зергерлік бұйым берілді", – деген еді бұған дейін Қуанышбек Мұқаш.

Оның айтуынша, қайтарылған активтерді басқару компаниясы Қазақстан аумағында орналас­қан активтерді «Е-Qazyna» электрондық сауда алаңы арқылы сатады.

"Жалпы сомасы 12,6 млрд теңгені құрайтын 9 актив сатыл­ды. Шетелде Біріккен Араб Әмір­ліктерінде 2 автокөлік және Түр­киядағы 3 жылжымайтын мүлік нысаны 4,4 млрд теңгеге сатылды.

Егер активті өткізу мүмкін болмаса, Басқарушы компания активтерді басқарудың бірнеше балама әдістерін қолданады. Яғни жылжымайтын мүлікті мүліктік жалға беруге де болады.

Мұндай әдістен түскен кіріс 276,6 млн теңгені құрады. Сонымен қатар Басқарушы компания «Думан» қонақүй кешенін, сондай-ақ «Жаркент Су» ЖШС, «Тұлпар» ЖШС және «Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС-ның 100% үлестерін дербес басқарады. Аталған кәсіпорындардың қыз­метінен түскен дивидендтер (жалпы 229,4 млн теңге) тоқсан сайын Арнайы мемлекеттік қорға аударылады", – деген болатын Egemen-ге берген сұхбатында Қуаныш Жақсыбекұлы.

Еске салайық, бұған дейін заңсыз алынған активтер қалай қайтарылып жатқанын хабарлаған едік. 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар