"Казгипроводхоз" институтының директоры Рамазан Файзулдин қазіргі су тасқыны апатына не себеп болғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, Қазақстанда билікке келген шенеунікті орнынан өте тез ауыстырады. Осылайша лауазымды адамдар бұл қызметтің қыр-сырын зерттеп үлгермейді. Сонымен қатар, ол су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің жұмысына қатысты пікір білдірді.
"Бұл кісіні 1 қыркүйекте тағайындады. Қазақстанның жері көп. Су шаруашылығы бассейндері болады. Бұл - шаруашылық. Басқа министрлер сияқты құр отыруға болмайды. Аяққа етікті киіп алып, нысандарды аралап, көзімен көруі керек. Содан кейін бұл кісілер енді тәжірибе алған кезде басқа бір себептермен орындарынан алып тастайды. Содан жаңа адамды қайтадан сайлайды. Ол адам қайтадан осының бәрімен енді танысып біткенше, мәселе сонда", - дейді сарапшы "Уақыт көрсетеді" арнасына сұхбатында.
Файзулдин Назарбаевтың 30 жылдық жүйесі су тасқынының қаупімен неге күреспегенін, неге бұл мәселені ойламағанын айтты.
"Менің жеке пікірім мынада: 40 пайызы әдейі жасаған ба, 60 пайызы білімнің жоқтығынан (жасаған ба - еск.) деп ойлаймын. Өңірлер болады, әкімшіліктер болады, оның ішінде мамандар болады. Бізде мемлекеттік сатып алу деген болады. Сол тендердің өзінде талай былықтар болады. Қаражат дұрыс жұмсалмайды. ...Тендер ойналып жатқан кезде әркім сол тендерді алғысы келеді. Сол кезде әдейі істейді. Әр жобаны саралаймын. Мысалы, гидротехникалық құрылыс болса, ол тендерді тұрғын үй салатындай жариялайды. Түбі - айла-тәсілдердің арқасында ұтып алу. Ал 60 пайызы заңдылықты білмегеннен жасайды", - деді ол "Уақыт көрсетеді" арнасына сұхбатында.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи соңғы күндері су тасқынына байланысты әлеуметтік желілерде негізі жоқ желсөз желдей есіп жүргенін мәлімдеген еді. Оның сөзінше, табиғи апатты пайдаланып, дабылға қиқу қосып кеткендер де бар. Мұны депутат "жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының" керін келтіріп жүр деп атады.
"Иә, орын алған апатты жағдайдың ушығып кетуіне себеп болған жергілікті биліктің қамсыздығы мен дәрменсіздігіне қатысты сын айтылуы керек. Бірақ сын – шын болуы тиіс және ол сын билік пен қоғамдағы қателіктерді түзеуге сеп болғаны жөн. Ол сын қоғамға лаң салып, іріткі тудырмауы тиіс.
Дегенмен көзіқарақты адамға бұл ақпараттық өрттің бір пұшпағын "Ескі Қазақстанның" өкілдері үрлеп жүргені байқалады. Олардың мақсаты айқын – елдегі ереуіл жағдайды еселеп, өшпенділікті өршіту және сол арқылы қоғамда тұрақсыздық тудыру", - деді ол.
Бапидің айтуынша, олар нәтижесінде "мемлекеттік органдар орашолақ, билік берекесіз" деген қоғамдық пікір тудырып, қазіргі мемлекет басшысының беделін түсіріп, халықты жік-жікке бөлуді көздесе, екінші жағынан, 30 жылғы әрекетсіздіктері мен жемқорлығы салдарынан әбден қордаланып, бүгінде болып отырған табиғи апаттан өздерін арашалап алғысы келеді.