Имамдар блогерді 15 тәулікке қаматқаны рас па? ҚМДБ өкілі жауап берді

Азамат Қойшығара 18 сәу. 2024 22:29 4045

Солтүстік Қазақстан облыстық мешітінің бас имамы, ҚМДБ аймақтағы өкілі Хамзат қажы Әділбеков әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға қатысты жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін желіде мешіттегі гуманитарлық көмек барысын, оның қайда жіберілетінін сұрап, видеоға түсірген блогердің 15 тәулікке қамауға алынғанын баяндайтын бейнежазба тараған болатын. Бұл дерек көпшілік тарапынан қызу талқыға түскен. 

Көп ұзамай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Солтүстік Қазақстан облысындағы өкілі, бас имамы Хамзат қажы Әділбеков аталған жағдайға қатысты жауап берді. 

"Бұл күндері елімізде біраз қиындықтар мен сынақтар өтіп жатыр. Осы қиын кезеңде бірлігімізді сақтау өте маңызды. Өкінішке қарай, тұрақтылығымызға нұқсан келтіргісі келетіндер бар. Әлеуметтік желіде Руслан Қайырбеков есімді азаматтың қатысуымен түсірілген видео қоғамда түрлі пікір туғызуда. Видеоға назар аударсаңыз, аталған азамат мешітте қайырымдылық шарасын түсіргені үшін мешіт имамымен сөзге келіп, нәтижесінде 15 тәулікке сотталғанын айтады.

Шындығында, жағдай басқаша болған еді. Азамат Руслан Қайырбеков су тасқынынан зардап шеккен отбасының (ерлі-зайыптылардың), яғни көмекке мұқтаж жандардың рұқсатынсыз мешіттен садақа алып жатқанын видеоға түсіріп алған. Бұл күйзеліске ұшыраған отбасы үшін қиын. Әйелі де одан бейнежазбаны өшіруді сұрайды. Алайда Р.Қайырбеков бұл өтінішке құлақ аспайды", - дейді дін өкілі.

Оның сөзінше, осы кезде мешіттің наиб имамы араша түсіп, оны өшіруді талап етеді. Десе де, аздап дөрекі сөйлеген, алайда ешқандай балағаттамаған.

"Осы кезде Р.Қайырбеков әй-шәйға қарамай, имамның бетінен екі рет ұрған. Мәселе осында, ол гуманитарлық көмек барысын видеоға түсіргені үшін емес, мешітте имамды ұрды деп айыпталып отыр. Оқиға камераға түсіп қалып, имам оның үстінен арыз жазбаған. Арыз түссе, ол әкімшілік емес, қылмыстық жазаға тартылады. Тіпті жалған ақпарат таратқан әлеуметтік желі иелері де тиісінше жауапқа тартылады", - деп түсіндірді Хамзат қажы Әділбеков.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x