34 мың түлек ҰБТ тапсырудан бас тартқан

Сағыныш Сардарова 20 мам. 2025 11:54

Қазақстанда 34 мың түлек ҰБТ тапсырудан бас тартқан, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов ЖОО-ға түсетін талапкерлер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) өткізу басталғанын хабарлады. 16 мамырдан 7 шілдеге дейін емтихан бүкіл еліміз бойынша 46 орталықта өтеді.

Ведомство мәліметінше, өңірлік орталықтар республикалық маңызы бар қалаларда (8 бірлік), облыс орталықтарында (16), ірі аудан орталықтарында (18) және облыстық маңызы бар қалаларда (4) орналасқан. 

"Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Талапкерлерге осы аралықта ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі берілген. 2025 жылы 217 мыңға жуық талапкер оқуды бітіреді, оның ішінде 183 мыңы ҰБТ-ға тіркелді. Былтырмен салыстырғанда тестіленушілердің саны 30 мыңға артты. Тест аяқталғаннан кейін түлектер дұрыс және бұрыс жауаптармен ғана емес, сонымен қатар, ҰБТ нәтижелерінің толық талдауымен де таныса алады", - деп атап өтті Талғат Ешенқұлов.
Бұл дегеніміз 34 мың түлек ҰБТ тапсырудан бас тартқанын білдіреді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, грантты тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау шілденің 13 мен 20 аралығында жүргізіледі. Оның нәтижесі 10 тамызға дейін жарияланады. Жоғары оқу орнына тіркелу 25 тамызға дейін жалғасады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар