25 тамыздан бастап жүргізушілерге қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Енді 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілер екі жыл сайын міндетті медициналық тексерістен өтуге тиіс. Тексеріс туралы мәлімет Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктерінің ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде тексеріледі. Жүргізушінің медициналық тексерістен өткені расталмаса немесе көлік басқаруға қарсы көрсетілім анықталса, оның жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылады. Бұл талап тек осы санаттағы жүргізушілерге қатысты.
Сондай-ақ, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушілерге теориялық емтиханды қайта тапсыру міндеттелуі мүмкін. Мұндай жағдайларға жол апатын туғызу, жылдамдықты бірнеше рет асыру, қауіпті маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу ережесін бұзу жатады. Жүргізуші екі ай ішінде емтиханға дәлелді себепсіз келмесе, оның көлік басқару құқығы тоқтатылады.
Бұдан бөлек, мас күйде көлік жүргізетіндерге жаза күшейтіледі. Қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуға байланысты тоқтатылса да, құқық бұзған адам сегіз жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Ал жүргізуші куәлігі жоқ адамдар осы мерзім ішінде оны ала алмайды.