Қазақстанда білім беру ұйымдарын, соның ішінде мектептер мен балабақшаларды күзету бойынша бірыңғай талаптар бекітілді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін штаттағы қызметкерлер немесе лицензиясы бар күзет ұйымдары қамтамасыз етеді. Осы мақсатта күзет қызметтерін сатып алуға арналған үлгілік конкурс құжаттамасы әзірленіп, онда нақты іріктеу талаптары мен мамандардың біліктілік деңгейі, техникалық-жабдықтау жағдайы қамтылған.
Атап айтқанда, күзет ұйымдарына қойылатын негізгі талаптар мыналар:
күзетшінің жасы – 25 пен 50 жас аралығында болуы тиіс;
арнайы кәсіби дайындықтан өтуі қажет;
қару алып жүруге және қолдануға лицензиясы болуы шарт;
соттылығы болмауы тиіс;
жеке кеңсесі болуы қажет;
кемінде екі жедел әрекет ету тобының бар болуы міндетті.
Бүгінде елімізде 6 900-ден астам нысан лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар 2022 жылдан бері 20 мыңнан астам білім беру ұйымына 220 мыңнан аса бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл камералар ақпаратты 30 тәулікке дейін сақтай алады және тікелей полицияның жедел басқару орталықтарына қосылған.
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Қошербаевтың айтуынша, қазіргі таңда кейбір білім беру ұйымдарында жасанды интеллект жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл жүйе буллинг (қорлау, қысым көрсету) деректерін автоматты түрде анықтап, бір мезетте мектеп әкімшілігіне ескерту жібереді. Жүйе мектеп ішінде ғана емес, оның айналасындағы аумақта да қауіп-қатер белгілерін анықтай алады.