Ақмолалық тұрғын 24 жыл бұрын жасалған қылмысы үшін сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 61 жастағы И.-ға қатысты әйелді зорлау (күш қолдану, өлтіремін деп қорқыту арқылы) және аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін қылмыстық іс қаралды (1997 жылғы редакциядағы ҚК-нің 120-бабы 2-бөлігінің «б»-тармағы, 96-бабы 2-бөлігінің «к»-тармағы).
2002 жылы Ақкөл қаласында түнгі уақытта 37 жастағы И. масаң күйде автокөліктерді тоқтатып, үйіне жетпек болған 29 жастағы А.-ны кездестірген. Оны ұрып-соғып, өлтіремін деп қорқытып, жергілікті стадион аумағына алып барған.
Жәбірленушінің денесіне соққы жасап, темекімен күйік салу арқылы И. оны зорлаған, кейін жасаған қылмысын жасыру және жазадан жалтару мақсатында жәбірленушіні өлтірген.
Адам өлтіруді ол аса қатыгездікпен жасаған, жәбірленушінің аузына шырша бүршіктері мен топырақ тығып, кейін мәйітті даладағы дәретханаға тастап, оқиға орнынан қашып кеткен. Сараптама қорытындысына сәйкес, А.-ның өлімі тыныс алу жолдарының бітелуі салдарынан болған асфиксиядан туындаған.
И.-дің кінәсі куәлардың айғақтарымен, фотосурет бойынша танумен, оқиға орнын қараумен, сараптамалар қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Жаза тағайындауда сот И.-дің бұрын бірнеше рет сотталғанын, қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын және аса ауыр қылмыс жасағанын ескерді.
Сот үкімімен И.-ға 22 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалды. Сондай-ақ сотталғаннан жәбірленуші тараптың пайдасына 10 млн.теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілді.
Сонымен қатар, И.-ға жазасын өтеу орнында «алкогольді тұтынумен байланысты психикалық және мінез-құлықтық бұзылулардан» мәжбүрлі ем тағайындалды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
