2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда бірқатар әлеуметтік төлемдер мен есептік көрсеткіштердің мөлшерін өзгерту жоспарланып отыр. Бұл туралы қоғамдық талқылауға шығарылған «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құжатқа сәйкес, келесі жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 693 теңгені құрайды. Ал күнкөріс деңгейінің шамасы 55 173 теңгеге дейін өседі.
Сондай-ақ ең төменгі зейнетақы мөлшері 74 919 теңге, ал ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 38 622 теңге болып белгіленбек.
Салыстыру үшін, 2026 жылы Қазақстанда мынадай көрсеткіштер қолданыста:
- ең төменгі жалақы (ЕТЖ) – 85 000 теңге;
- ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – 35 596 теңге;
- ең төменгі зейнетақы мөлшері – 69 049 теңге;
- айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 325 теңге;
- базалық әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге.
Заң жобасына сәйкес, 2027 жылы ең төменгі жалақы мөлшері өзгеріссіз қалып, 85 000 теңге деңгейінде сақталады.
Сонымен қатар бюджетте жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақы төлемдерін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5 пайызға арттыруға қаражат қарастырылған.
Айта кетейік, заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Құжатты қоғамдық талқылау 5 қыркүйекке дейін жалғасады.