Қазақстанда жүргізушісіз көлікті заңды түрде пайдалануға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Сенат кулуарында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Оның айтуынша, қазіргі таңда елде пилоттық сынақтар өткізілуде. Олар жүргізушісіз автомобильдердің қысқы жағдайда, төмен температурада және жолақ белгіленбеген жолдарда қалай жұмыс істейтінін бағалауға бағытталған.
Вице-министрдің сөзінше, Астана, Алматы және бірқатар басқа қалаларда жүзеге асырылып жатқан Smart City жобасы аясында жол инфрақұрылымының белгілі бір бөлігі дайын. Атап айтқанда, кейбір бағдаршамдар қозғалыс деректерін алдын ала беруге мүмкіндік беретін арнайы чиптермен жабдықталған.
Сонымен қатар жүргізушісіз көліктің толыққанды жұмыс істеуі үшін жоғары сапалы HD-карталар қажет. Қазіргі таңда Астананың сол жағалауы осындай картаға толық енгізілген. Бұдан бөлек, тұрақты интернет байланысы да маңызды фактор саналады. Қалаларда байланысы әлсіз аймақтар анықталып, пилоттық маршруттар инфрақұрылым толық дайын көшелер бойынша белгіленеді.
Дмитрий Мун жүргізушісіз көліктерді заңды түрде пайдалануға мүмкіндік беру үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет екенін атап өтті. Бұл бағытта Әділет, Көлік министрліктері мен Ішкі істер министрлігінің қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылып, тиісті түзетулер пысықталуда.
Вице-министрдің айтуынша, алғашқы сынақтар автокөлік жүргізуді үйрететін автоЦОН аумағында өткен. Ал 2026 жылы Астананың басқа бір бөлігінде жүргізушісіз таксиді пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр.
