2026 жылға қарай Қазақстан өз халқын құс етімен толық қамтиды – Жұманғарин

Қаракөз Амантай 08 мам. 2025 11:45 217

Үкімет отырысында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында "Бәйтерек" холдингіне бөлінген инвестициялық жобалар аясындағы қаржы игерілуінің нәтижесі қаралды. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін Үкімет "Бәйтерек" холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге ұлғайтқан еді. Бұл қаражат холдингке биылғы жылы жалпы сомасы 8 трлн теңгеге дейінгі жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Отырыста Жұманғарин ішкі нарықта сұранысқа ие, қымбат импорттық өнімдерді алмастыра алатын тауарларды өндіруге бағытталған "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясындағы жобалардың жеткіліксіздігіне тоқталды.

"Біз нақты секторды қолдау бағдарламасын қолға алғанда, ірі жобалармен қатар, Ұлттық экономика министрлігі тарапынан шағын және орта бизнеске арналған инвестициялық жобалар бойынша – тұрмыстық химия, гигиеналық заттар, ірімшік, консерві, шұжық және халық арасында сұранысқа ие өзге де өнімдерді өндіруге бастама жасаған едік.

Қазір құс еті өндірісі жақсы қарқынмен дамып келеді – жыл соңына дейін ішкі тұтыну көлемін толық қамтамасыз етуіміз тиіс. Алайда импорттың үлесі жоғары қалған салаларда да отандық өндірушілерді тауып, оларды қолдау қажет", – деді Жұманғарин.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар