"2025 жылы қорғаныс саласына бөлінетін қаражат ұлғаяды". EBRD болжамы жарияланды

Кәмшат Тілеухан 28 ақп. 2025 10:14 423

Еуропалық қайта құру және даму банктің (EBRD) ақпан айындағы Қазақстан экономикасына жасаған шолуы жарияланды. Онда өткен жылғы көрсеткіштерге баға беріліп, 2025 жылға болжамдар жасалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Экономикалық өсім

2023 жылы Қазақстан экономикасы 5,1% сипатында қалыпты өсімді көрсетті. Алайда, 2024 жылы қарқын 4,1%-ға дейін баяулады, бұл, негізінен, тау-кен өнеркәсібіндегі тоқырауға байланысты болды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес сектордың өсіміне байланысты көрсеткіш 4,5%-ға дейін біршама жақсарды. 2025 жылға қарай экономикалық өсім 5,2%-ға дейін артады деп болжануда, оған инфрақұрылымға салынған инвестициялар және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту ықпал етуі тиіс. Алайда, 2026 жылы жаһандық шикізат нарықтарындағы ықтимал түзетулерге байланысты өсім шамалы баяулап, 4,5%-ды құрайды деп күтіледі.

Инфляция және ақша-несие саясаты

Қазақстандағы инфляция, өңірдегі басқа елдердегідей, пандемияға дейінгі деңгейден жоғары болып қалуда. 2023 жылы 10,5%-ды құраған бұл көрсеткіш 2024 жылдың соңына қарай 8,3%-ға дейін төмендеді. 2025-2026 жылдары одан әрі төмендеу күтіледі: 7,0% және 6,5% болып.  

Инфляцияның бәсеңдеуіне энергия бағасының салыстырмалы түрде тұрақтануы және ҰБК-ның ұстамды саясаты әсер етеді. Алайда, инфляциялық қысым тәуекелдері жалақының және мемлекеттік шығындардың өсуіне байланысты сақталады.

Мемлекеттік қаржы

Қазақстан бюджетінің тапшылығы 2023 жылы ЖІӨ-нің -2,3%-нан 2024 жылы ЖІӨ-нің -3,1% -на дейін ұлғайды. 2025 жылы бюджет балансының ЖІӨ-нің -3,5% - на дейін жетіп, одан әрі нашарлайды деп күтіледі,  бұл мемлекеттік шығыстардың, оның ішінде қорғаныс саласы мен әлеуметтік бағдарламаларға бөлінетін қаражаттың ұлғаюына байланысты болады. Осыған қарамастан, Қазақстан салыстырмалы түрде тұрақты қаржылық жағдайын сақтайды. Қарыз жүктемесі басқаруға келетін жағдайда, ал мемлекеттік шығындар ішкі және сыртқы несиелер арқылы қаржыландырылады.

Негізгі қиындықтар мен перспективалар

2025 жылы Қазақстан экономикасы үшін тегеуірінді сын қатерлер мыналар болады:

  • геосаяси тұрақсыздық – сауда-саттықта орын алуы ықтимал жаңа санкциялар мен шектеулер.
  • мұнай бағасының құбылмалығы - көмірсутектер экспортына тәуелділік сақталады.
  • әлемдік экономиканың баяулауы - қазақстандық экспортқа сұраныстың төмендеуі.

Дегенмен, оң перспективалар да бар. Қазақстан шикізаттық емес салаларды дамыта отырып, экономиканы әртараптандыру бағытын жалғастырады. Сонымен қатар, инфрақұрылым мен өңдеу өнеркәсібіне шетелдік инвестициялардың ағыны орта мерзімді перспективада экономикалық өсімді қолдауы керек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар