2025 жылы Қазақстанда мешіт құрылысы 54 пайыз артты

Қаракөз Амантай 27 қаң. 2026 16:23

2025 жылы Қазақстанда 20 жаңа мешіт пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 54 пайыз жоғары. Кейінгі он жылдағы ең жоғары нәтиже осы жылға тиесілі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, 2025 жылы ел бойынша барлығы 20 мешіт іске қосылған. Соңғы рет бұдан да жоғары көрсеткіш 2015 жылы тіркеліп, ол кезде 24 мешіт пайдалануға берілген. Бұл деректер Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасай отырып келтірілген.

Жинақталған тарихи деректер соңғы жылдары мешіт құрылысының қарқын алғанын көрсетеді. Атап айтқанда, 2021–2025 жылдар аралығында жыл сайын салынған жаңа мешіттердің орташа саны 17,4-ті құраған. Бұл көрсеткіш алдыңғы бесжылдық кезеңмен салыстырғанда шамамен екі есе көп (8,8 мешіт).

БКБ сарапшылары әр жылдары салынған мешіттердің сыйымдылығына қатысты ашық деректер болмағандықтан, оларды тікелей салыстыру мүмкін емес екенін атап өтеді. Дегенмен, қолда бар мәліметтер жаңа ғибадат орындарының нақты құны арқылы жанама талдау жасауға мүмкіндік береді.

Бюро дерегінше, 2025 жылы мешіт құрылысына бағытталған қаржыландыру көлемі номиналды түрде үш есеге жуық өсіп, 12,6 млрд теңгеге жеткен. Алайда бұл рекордтық көрсеткіш емес. Мәселен, 2022 жылы қаржыландыру көлемі 118,8 млрд теңгені құраған. Оның 97 пайызы (114,9 млрд теңге) елордаға тиесілі болып, онда Орталық Азиядағы ең ірі мешіт ашылған.

Қазіргі таңда пайдалануға берілген мешіттер саны мен олардың нақты құны бойынша Қызылорда облысы алда келеді. Өңірде 11 мешіт салынып, оған 9,7 млрд теңге жұмсалған. Бұл көрсеткіш бойынша облыс екінші жыл қатарынан көш бастап отыр. Айта кетейік, 2021 жылға дейін бұл өңірде мешіт құрылысы іс жүзінде тіркелмеген.

2025 жылы Қызылорда облысынан бөлек, мешіттер Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл және Ақмола облыстарында да пайдалануға берілген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove