"2025 жылы Қазақстан үшін негативті жағдай мұнай бағасының төмендеуі болуы мүмкін. Өйткені АҚШ тақтатас мұнайы өндірісін ұлғайтуды жоспарлап отыр, ал ОПЕК+ ағымдағы бағаны ұстап қалу үшін шикізат өндірісі көлемін қысқартуға бейілді". Қазақстанның қаржыгерлері қауымдастығы жариялаған "Инфляция, теңге және мұнай: 2025 жылғы негізгі макроэкономикалық сын-тегеуіріндер" атты зерттеуінде осылай делінеді, деп жазады Dalanews.kz.
- Ал мұндай жағдай негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерімізге (экономика өсімі, сауда балансы, ағымдағы операциялар шоты, бюджет және Ұлттық қор түсімдері, ұлттық валюта бағамы, инфляция) теріс әсер етуі мүмкін, бұл экономиканы әртараптандыру және қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі күш-жігерді айтарлықтай әлсіретеді, - дейді сарапшылар.
Экономика өсімі 4%+ деңгейінде сақталады
Мұнай өндірісі саласындағы тоқырау және шикізат бағасының төмендеуі салдарынан ағымдағы жылы экономикалық өсім өткен жылғы - 5,1%, сондай-ақ нысаналы деңгей 6% көрсеткіштерінен айтарлықтай төмен болады. Соған қарамастан, ағымдағы жылы елдің ЖІӨ-сі сауда, байланыс, көлік, құрылыс және ауыл шаруашылығындағы өсім (6%-дан жоғары), оның ішінде Ұлттық қордан қосымша трансферттер тарту есебінен 4%-дан (ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйекте 4,1%) асуы мүмкін.
Алайда жоспарланып отырған шикізат өндірісін ұлғайту (97,2 млн тоннаға дейін), ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және жоғары бюджеттік шығындар (2025 жылы - 33,5 трлн теңге) шикізат бағаларының төмендеуі, жоғары пайыздық мөлшерлемелердің теріс ықпалын баяулатуы мүмкін. Қаржы нарығының сарапшылары 2025 жылы еліміздің ЖІӨ көлемі 4,4%-ға өседі деп күтеді.
Теңге бағамы 2024 жылдың аяғында төмендеп, 2025 жылы да қысымға ұшырауы мүмкін
Біршама нығайғаннан кейін (2023 жылдың қорытындысы бойынша 1,7%-ға) ұлттық валютаға шаққандағы 1 АҚШ доллары 2024 жылдың аяғында ішкі сұраныстың ұсыныстардан едәуір артуы есебінен 10%-дан астамға құлдырауы мүмкін. 2025 жылы USD/KZT бағамы 545,2 теңгеге дейін өсуі мүмкін (ағымдағы мәнге+6%). Теңгеге қысым жасауы мүмкін мына жағдайлар: шикізаттардың төмен бағасы, ОПЕК+ мәмілесін орындау қажеттілігіне байланысты мұнай өндірісі көлемін қысқарту, қазақстандық шикізаттың (ҚХР және ЕО) негізгі тұтынушыларының экономикалық өсімінің баяулауы, импорттың артуы, оның ішінде инвестициялық жобаларды іске асыру салдарынан, бағам бойынша күтулердің нашарлауы, өңірдегі күрделі геосаяси жағдай көрсетуі және инвесторлардың тәуекелден жалпы қашуы.
Инфляциямен күрес мәселесі 2025 жылы да күн тәртібіне шығады
2024 жылдың қорытындысы бойынша ҚР-дағы инфляция, ҚР ҰБ-ның ағымдағы жылға арналған жаңартылған болжамында жоғары шек - 8-9% - ға жақын қалыптасуы мүмкін (егер желтоқсанда айлық тұтыну бағаларының индексі (ТБИ) 0,9%-құраса, онда жылдық көрсеткіш 8,7% деңгейінде қалыптасады) екені айтылады. Әлсіреген бағам, ынталандырушы бюджеттік саясат, ақылы қызметтердегі реформалар, тауарлар ұсынысы бойынша жекелеген ішкі экономикалық сын-тегеуріндер (еңбек өнімділігінің төмендігі, жоғары өндірістік шығындар, т.б) және болжамдардағы инфляциялық көрсеткіштердің жоғарылауы ТБИ-дің алдағы 12 айда 5% нысаналы таргеттеуге оралуына кедергі келтіретін болады. Қаржы нарығы сарапшыларының болжамынша, инфляция 2025 жылғы желтоқсанда 9,5%-ды құрайды.
Ақша-несие қатаң шарттары ары қарай да сақталады
2024 жылдың соңына қарай базалық мөлшерлеме деңгейі 2024 жылдың қаңтарындағы мәніне қайта оралды. Бұл ретте экономикадағы жоғары инфляциялық тәуекелдер елдегі қатаң монетарлық жағдайларды ұзағырақ сақталуын талап етуі мүмкін: бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 14,25% (-100 б.п. ағымдағы мәннен) деңгейінде қалыптасады деп болжанады. Осылайша, экономикадағы нақты пайыздық мөлшерлеменің мәні ағымдағы 6,85%-дан 4,75%-ға дейін төмендеуі мүмкін, бұл теңгелік активтердің тартымдылығына теріс әсер ететін болады.
Корпоративтік несиелеу баяулауы мүмкін
Жоғары инфляция және базалық мөлшерлеме корпоративтік кредиттерді беру динамикасына теріс әсер етуі мүмкін және 2025 жылы кәсіпкерлерге жаңа кредиттерді берудің жыл сайынғы өсімі бойынша қойылған міндеттерді орындауды қиындатады.
Бұған дейін теңге неге қайта құнсыздана бастағанын жазған болатынбыз. Сарапшылар бір айдан кейін, яғни 2025 жылы қаңтарда 1 АҚШ долларының бағамы 524,1 теңге болатынын болжаған.