Биыл Жетісу облысында жоспар бойынша республикалық маңызы бар автожолдардың 169 км учаскесіне жөндеу жүргізілуде, соның 29 шақырымы күрделі жөндеуден, ал 140 км орташа жөндеуден өткізілуде,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Осы жылы жоғарыда аталған 169 шақырым автожол учаскелерінің 103 шақырымы жөнделіп, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр, атап айтқанда «Сарыөзек ауылының айналма жолы» 0-7 км, «Сарыөзек-Көктал» 110-141, 142-178 км (67 км), «Айдарлы – Көктал» 291-306 км (15 км) және «Қонаев – Талдықорған» 124-169 км (13 км) жолдары.
Мәселен, өткен жылдан бері жүзеге асырылып жатқан «Сарыөзек ст. айналма жолы» 0-7 км (7 км) автожолын күрделі жөндеу - осындай маңызды жобалардың бірі.
Бүгінгі таңда қолданыстағы асфальтбетон жабынының 6000 м2 фрезерленді, жобалық 56 бұрғылау қадаларынан Қаракөз өзені арқылы өтетін көпірге 18 қада орнатылды, ростверктің армақаңқасы мен көпір тіректері және т.б. дайындалуда. Жұмысқа 45 бірлік техника және 75 жол маманы жұмылдырылды.
Бұдан бөлек, осы жоба аясында уақытша айналма жолдар қарастырылған. Бұл ретте ауыр жүк автокөліктерінің жиі жүретінін ескере отырып, жоба аяқталғаннан соң да негізгі айналма жол пайдалану үшін сақталынатын болады. Қазіргі кезде оны тасты топырақ пен құм-қиыршықтас қоспасының көмегімен күшейту жүзеге асырылды.
Сонымен қатар «Сарыөзек – Көктал» автожолының 141-142 км (1 км, Қойбын шатқалы, Көнбе өзені арқылы өтетін көпір) бойымен өтетін көпір күрделі жөндеуден өткізілуде. Бұл жұмыстарға 17 бірлік техника және 40 адам тартылған. Осы орайда жалпы алғанда «Сарыөзек – Көктал» автожолының өзі де орташа жөндеуден өткізіліп жатыр. Қазір жұмыстар бірнеше учаскелерде – 0-45 км, 110-141 км және 142-178 км учаскелерде жүргізілуде. Атап өтсек, 2023 жылы ұзындығы 42 км болатын 68-110 км учаскеде аталған жолға жөндеу жүргізілді. Қазіргі уақытта нысан кепілдік кезеңінде, қандай да бір ақаулар пайда болған жағдайда мердігер ұйым оны өзі жөндеп береді.
«Алматы – Көкпек – Көктал – Қорғас» автожолының 291-306 км (Айдарлы – Көктал, 15 км) орташа жөндеуі де жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 15 км фрезерлеу және 10 км бойына асфальтбетон төсеу жұмыстары жүргізілді. Жоспарға сәйкес осы жылдың 20 мамырына дейін жол жабынының төменгі қабатын, ал 1 шілдеге дейін жоғарғы қабатын төсеу аяқталады деп күтілуде.
«Алматы – Өскемен» автожолының 124-169 км (ішінара 13 км, Алматы облысының шекарасы - Сарыөзек) учаскесі де орташа жөндеуден өтіп жатыр.
Сонымен бірге «Қонаев – Талдықорған» автожолының 213-234 шақырымын (21 км, Алғабас – Мұқыры еңісіндегі арка) күрделі жөндеуге конкурс өткізілді. Жобаны іске асыру 3 жылға есептелген (2025-2027 жж.).
Бұдан бөлек, «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалы өкілдерінің айтуынша, жалпы «Алматы – Өскемен» автожолының ұзындығы 92 км болатын учаскелеріне орташа жөндеу жүргізуге бюджеттік өтінім берілді, бұл ретте ағымдағы жөндеу аясында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін биыл «Алматы – Өскемен» автожолының 141-147 км учаскесінде Арқарлы асуында ұзындығы 6 шақырымға, сондай-ақ Талдықорған қаласының 3-ші бөлімшесі мен арка аралығындағы учаскеде (1 км, 253-254 км учаскесі) жарықтандыру тіректерін орнату жоспарланып отыр.
Сондай-ақ «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолын қайта жаңғырту жобасы, атап айтқанда Абай ауылымен қиылысатын учаскеде, Қойлық – Бақалы бағытында, сондай-ақ Қойлық ауылының шығаберісінде қосымша 155 жарықтандыру тірегін орнату көзделген. Ұзындығы 90 км торлы қоршаулар орнату қарастырылып отыр, соның 60 шақырымы жануарлардың жолға шығып кетуін болдырмау үшін Сарқан ауданында автожолдың белгіленген белдеуінде орнатылатын болады.