2025 жылғы Қазақстанның экономикалық өсімі 4,9% болады - АДБ болжамы

Кәмшат Тілеухан 09 сәу. 2025 16:01 579

Азия Даму банкінің (АДБ) сарапшылары 2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) өсімі 4,9%, ал 2026 жылы 4,1%-ға дейін баяулайды деп болжайды. Бұл туралы Asian Development Outlook-тің сәуір айындағы басылымында деректер келтіріледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2025 жылы Қазақстанның экономикалық өсімінің жеделдеуіне Теңіздегі Future Growth Expansion жобасын іске қосу нәтижесінде күтілетін мұнай өндірісінің ұлғаюы түрткі екені көрсетіледі. Ал 2026 жылы өсім қарқынының баяулауына бірқатар өзгерістерді қамтитын салық саясатының күшіне енуі және бюджет шығыстарының қысқаруы сеп болмақ. Ал туындауы мүмкін жағымсыз салдарға жаһандық тегеуіріндер, сондай-ақ мұнай экспорты жеткізіліміне қатысты ықтимал бұзылыстар жатқызылады.

"Қазақстан экономикасы тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Осы өсім қарқынын сақтау үшін мемлекеттік қаржыны басқару жүйесін нығайту және Ұлттық қорға тәуелділікті азайту үшін бюджеттік басқару сапасын арттыру маңызды. Жеке секторды дамыту үшін қолға алынып жатқан бұл шаралар құрылымдық реформалармен қатар экономикалық сыртқы күйзелістерге төтеп беру қабілетін де қайрай түсейді", - деп атап өтті АДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің директоры Утсав Кумар.

2025 жылы инфляция біртіндеп 8,2%-ға дейін, ал 2026 жылы 6,5%-ға дейін төмендейтіні болжанады. Өйткені қатаң ақша-несие саясаты мен тұрақты валюта бағамы баға өсімін тежеуші факторға ие бола алады.

Бюджет тапшылығы шамалы артады деп болжанады: 2025 жылы ЖІӨ-нің 2,8%-на дейін. Ал 2026 жылы, керісінше 1,7%-ға дейін қысқарады. Бұған Үкімет ұсынысы қабылданып, ҚҚС мөлшерінің өсуі және салық жеңілдіктер санының азаюы ықпал етпек. Ағымдағы шот тапшылығы мұнай өндірісі көлемінің ұлғаюы есебінен тауар экспорты көлемінің артуына байланысты қысқарады деп күтіледі.

Бұл болжам 2 сәуірде АҚШ әкімшілігінің жаңа тарифтерді енгізетінін жариялағанға дейін әзірленгені ескертіледі. Сондықтан бұл базалық сценарий бұған дейінгі қолданыстағы тарифтерді ескергені де нақтыланады.

Айта кетсек, Қазақстан 1994 жылы АДБ мүшесі болды. Содан бері банк жалпы сомасы 7,5 млрд доллардан асатын несиелер, гранттар беріп, мемлекеттік секторды басқару,  қаржы, энергетика, көлік және басқа да салаларға техникалық көмек көрсетті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар