2025 жылдың төрт айында еліміздің ЖІӨ өсімі 6%-ды құрады

Кәмшат Тілеухан 12 мам. 2025 09:47 222

2025 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша, еліміздің ЖІӨ өсімі 6%-ды құрады. Экономиканың негізгі салалары - көлік (22,4%), сауданың (7%) даму қарқынының артқаны байқалады. Өсім ауылшаруашылығы (3,9%) және байланыс (2,6%) салаларында да тіркелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық экономика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, көлік саласындағы өсім саланың жалпы көлеміндегі үлестері тиісінше 20,5% және 19,6%-ды құрайтын темір жол және құбыр көлігімен жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтер көлемінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Жоғары динамика Түркістан (21,8%), Жамбыл (11,2%) және Абай (14,9%) облыстарында тіркелді.

Құрылыс саласында нақты жұмыс көлемінің индексі 16,2%-ды құрады. Сонымен қатар құрылыс кезеңін ескере отырып, жұмыстарды орындау қарқынын арттыру және жобалар құнының өсуіне жол бермеу үшін жергілікті жерлерде қажетті үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.

Сауда саласы бірінші тоқсандағы 6,3%-ға қарағанда 7% тұрақты өсуді көрсетті. Көтерме сауда көрсеткіші 7,4%-ға, бөлшек сауда көрсеткіші 6,1%-ға дейін өсті. Бірқатар өңірлер: Түркістан облысы – жемістерді, көкөністерді, фармацевтикалық тауарларды сататын кәсіпорындар есебінен 60,4%; Ақмола облысы – астықты, тұқымдарды және мал азығын сататын кәсіпорындардың арқасында 44%; Шымкент – дизель отынын, фармацевтикалық тауарларды, қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарды сататын кәсіпорындар есебінен 19,8%-ға жоғары өсімді көрсетті.

Өнеркәсіпте өндіріс индексі 6,4% жетті. Өсім тау-кен секторында – 7,1%, атап айтқанда көмір өндіруді ұлғайту есебінен (11,2%) байқалып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде көрсеткіш 7,2% құрайды, оның ішінде тамақ өнімдерін өңдеу (12%), темекі өнімдерін (26,3%), химиялық өнімдерді өндіру (11,2%) және машина жасау (11,2%).

Ауыл шаруашылығы оң динамиканы көрсетуде. Жалпы өнім индексі қаңтар-сәуір айларында 3,9%-ды құрады.

"Үкімет Президенттің еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының сапалы іске асырылуын бақылауда ұстайды", делінген министрлік хабарламасында.

Бұған дейін Дүниежүзілік банктің сәуір айында жарияланған "Жаһандық экономикалық перспективалар" атты баяндамасындағы Қазақстанға қатысты болжамын жариялаған болатынбыз.Оған сәйкес,  2025 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,5%, 2026 жылы 3,6% болады деп болжанады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар