Жетісу облысында қазіргі кезде газдандыру деңгейі 56,5% құрайды, яғни 63 елді мекен газдандырылды. Ал биылғы жылдың қорытындысы бойынша тағы 63 жобаны іске асырудың арқасында газдандыру деңгейі 71,4% жетеді. Осылайша 500 мыңнан астам тұрғыны бар 126 елді мекен газға қол жеткізеді. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев «Jetisy» телеарнасы студиясында облыстық БАҚ өкілдеріне берген кеңейтілген сұхбаты барысында айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.
"Облыс қайта құрылған кезде 5 елді мекенге ғана газ жеткізілген, яғни газдандыру көрсеткіші 29 % болған. Биыл газбен қамтамасыз етілген елді мекендер саны 63-ке жетіп, тұрғындарды газдандыру көрсеткіш 56,5% құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жылдың соңына дейін тағы 63 елді мекен газға қосылады, соның ішінде 45 жобаның жұмыстары қазір жүріп жатыр, 18-інің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Осы аталған жобалар іске асырылғаннан кейін биылғы жылдың қорытындысы бойынша 500 мыңнан астам тұрғыны бар 126 елді мекенге газ жеткізіп, халықты газдандыру деңгейі 71,4 % болады. Оған қоса «Талдықорған – Үшарал» бағытындағы газ құбырының құрылысын былтыр бастадық. Ол биылғы жылдың соңына дейін бітеді. Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекенін газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Магистраль құрылысы біткеннен кейін газ тарту жұмыстарына кіріседі. Соның нәтижесінде 192 елді мекен газдандырылып, облыстың 624 мыңнан астам тұрғыны немесе халықтың 91 пайызы газға қол жеткізеді", - деді Исабаев.
Ал газ құнын қостыруға қатысты мәселенің өңір басшысы осыдан бір жарым жыл бұрын қолға алынғанын айтты. Газ қосу құнының жоғарылығының себебін зерделеп қарағанда, газ қосу нарығында 1-2 компания монополист болып отырғаны байқалған. Дегенмен қабылданған шаралардың арқасында бәсекелестік ортаны дамыту арқылы газ қостыру құнын қазандық пен қажетті жиынтықтарды қоспағанда 170-175 мың теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік туды (газ құбырының ұзындығы 25 метрге дейін).
Оған қоса, бір жарым жылдың ішінде 1600 газ қазандығын сатып алуға 500 миллион теңге бөлінді, тұрғындарға қазандықтың төлемін 10 айға дейін бөліп төлеуге жеңілдікті жағдай жасалып отыр.