Қазақстан 2030 жылға дейін тікелей шетелдік инвестиция көлемін тұрақты арттыруды көздейді, деп хабарлайды Dala News.
2025 жылдың соңында Инвестициялық саясат тұжырымдамасы бекітіліп, елге капитал тарту тетіктері түбегейлі жаңартылды. Құжаттың басты мақсаты – инвесторларға қолайлы әрі болжамды орта қалыптастыру, олардың құқықтарын нақты қорғау.
Сарапшы Айгерім Ілиясованың айтуынша, тұжырымдама қағаз жүзіндегі декларациямен шектелмейді. Енді инвестициялық жобалардың тағдыры нақты тұлғаларға, соның ішінде өңір әкімдеріне тікелей байланысты болады. Бұл ведомстволар арасындағы жобалардың «ілініп қалуы», жауапкершіліктің бұлыңғыр болуы және мерзімдердің созылуы секілді жүйелі мәселелерді жоюға бағытталған.
– Инвестор үшін ең маңыздысы – тұрақтылық. Жаңа саясат салық және реттеу ережелерін ұзақ мерзімге болжамды етеді. Бұл капиталды 1–2 жылға емес, 10–20 жылға салуға мүмкіндік береді, – дейді ол.
Қазірдің өзінде Қазақстан жыл сайын 20 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартып отыр. Бұл – Орталық Азиядағы барлық инвестицияның шамамен 60 пайызы. Негізгі инвесторлар қатарында Еуроодақ елдері, АҚШ, Ресей және Қытай бар. Сонымен қатар Таяу Шығыс елдерінің белсенділігі күрт артты.
Мәселен, 2025 жылдың тоғыз айында Катардан келген инвестиция көлемі 1,2 миллиард долларға жеткен. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш небәрі 9 миллион доллар болған. Мұндай серпіліске газ өңдеу зауыттары, энергетика нысандары мен Бейнеу–Бозой–Шымкент газ құбырының екінші желісі сияқты ірі жобалар себеп болды.
Мемлекет алдында тұрған басты міндет инвесторларға тартымды орта қалыптастыра отырып, ұлттық мүддені сақтап қалу. Сарапшылардың пікірінше, жаңа тұжырымдама осы тепе-теңдікті табуға бағытталған алғашқы нақты қадам болмақ.
