Әзілкеш Нұрлан Сабуровтың Ресейге кіруіне тыйым салу туралы шешімді Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) бастаған. Бұл туралы «Важные истории» басылымы Сабуровқа жақын дереккөзге сілтеме жасап хабарлайды, деп жазады Dalanews.kz.
Дереккөздің айтуынша, тыйым салудың басты себебі - Қазақстан азаматы Нұрлан Сабуровтың ресейлік арнайы қызметтермен ынтымақтастық орнатудан бас тартуы. Комик бірнеше рет ФСБ-ға шақырылып, әріптестікке көндіруге тырысқанымен, ол бұл ұсыныстарға нақты келісім де, ресми бас тарту да білдірмеген.
Осы жағдайға байланысты Сабуровқа Ресейде тұруға ықтиярхат алу бойынша үш рет бас тартылған.
Ақпарат көзі комикті соңғы рет ФСБ 2025 жылы шақырғанын атап өтті. Сол кезде оған таңдау ұсынылған: Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойып, бір жылға майданға аттану немесе Ресейден кету.
Дереккөздің мәлімдеуінше, Нұрлан Сабуров өзінің «проресейлік ұстанымын» көрсетуге тырысып, «Всё для победы» қорына екі миллион рубль аударған, сондай-ақ «арнайы әскери операция қажеттіліктері үшін» он мотоцикл тапсырған. Алайда бұл әрекеттер де Ресейге кіруге салынған тыйымды жоюға әсер етпеген.
