Батыс Қазақстан облысында “Chia Tai Pharmaceutical” қаржылық пирамидасын ұйымдастырушының кінәсі дәлелденді. Оның басшысы салымшылардан заңсыз ақша жинап, 185 жәбірленушіге жалпы сомасы 180 миллион теңгеден астам шығын келтірген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2022 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың сәуіріне дейін Шыңғырлау ауданының тұрғыны “Chia Tai Pharmaceutical”компаниясының атын жамылып, фармацевтикалық кәсіпорынға заңды инвестиция салу арқылы жоғары пайда табуға уәде берген. Алайда бұл жалған ақпарат болып, оның мақсаты – салымшылардан заңсыз қаражат жинау екені анықталды.
"Фармацевтикалық зауытқа заңды инвестиция саламыз деген жалған атаумен ол фармацевтикалық кәсіпорын қызметінен жоғары кіріс алуға уәде беріп, салымшылардан заңсыз қаражат тартқан. Оның қылмыстық әрекетінің нәтижесінде 185 жәбірленушіге жалпы сомасы 180 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілген. Бөрлі аудандық прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысының принципті ұстанымын ескере отырып, сотталушының қаржылық пирамиданы құру және басқару, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен басқа да мүлікті заңдастыру бойынша кінәсі толық дәлелденді. 180 миллион теңгеден астам келтірілген шығын жәбірленушілердің пайдасына толығымен өндірілді", – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Сот мемлекеттік айыптаушының ұстанымымен келісе отырып, сотталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-баптың 2-бөлігі 2-тармағы (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару), 218-баптың 2-бөлігі 3-тармағында (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)) көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп тауып,қылмыстық құқық бұзушылықтың жиынтығымен 5 жыл мерзімге қаржы ұйымдарында басшы лауазымдарды атқару және қаржы ұйымының қатысушысы болу құқығынан айыра отырып 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енді.