Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов 175 ауылда медицина қызметкерлері халыққа үйден қызмет көрсеткені туралы ақпаратқа пікір білдіріп, ондай жағдай елімізде көп екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ол Мәжіліс дәлізінде айтты.
"Әлі солай көп жерде. Әр мемлекетте ондай проблема бар шығар. Оның сылтауын айтатын адамдар аумақтың үлкендігін айтар, басқасын айтар. Соның алдын алу мақсатында барымен базар қылып жатқан елге барын жоғалтып алмайтындай болысуымыз керек. Оның алдында дәріханаларды да еуропаландыру деген ұсыныс келген кезде қабылдамай тастадық. Оған себеп болған - аудандық ауруханалардың оған сай еместігі, жабылып қалу қаупі, ауылдық жерлерде мүлдем болмауы", - деді депутат.
Еске салайық, бұған дейін Ринат Зайытов "бір ауылда кішкентай баланың тісі ауырса, оған Астанадағы министрдің жүрегі ауыру керек" деген еді.
"Кейде тіпті көтерген сұрағыңа орынсыз сын тағып, "Осы мәселе сендер қозғайтын тақырып па? Неге жоғарыдағылар ұсақ-түйек мәселелер қозғайды" деп жатады. Өз басым бұл сынмен келіспеймін. Себебі біз – бір мемлекетпіз! Сондықтан ұсақ, ірі демей, әр мәселеге бірдей жұмылуымыз керек. Шалғайда жатқан бір ауылда кішкентай баланың тісі ауырса, оған Астанадағы министрдің жүрегі ауыру керек. Жұмыла көтерсек, жүгіміз жеңілдейді", - деп үндеу жасады Зайытов.