Бір ауылда кішкентай баланың тісі ауырса, оған Астанадағы министрдің жүрегі ауыру керек - Зайытов

Сағыныш Сардарова 19 нау. 2025 12:34 1790

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов "ұлы жетістіктерге бара жатқанымыз анық, бұл – тікелей Тоқаевтың сенімінің арқасы" деп бағалады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазақта «балпаң-балпаң кім баспас, басуға балтыр шыдаса», – деген жақсы сөз бар. Осы сөздің мағынасын мен шынымен Мәжіліске келгенде ғана түсінгендеймін. Менің күнделікті жұмысқа келетін сапарымдағы әр қадамым аяғымды еріксіз дірілдетеді. Өйткені күнделікті Мәжіліске жұмысқа келе жатқан әр депутаттың әр қадамында халықтың үміті, халықтың аманаты және халықтың тағдыры бар", - деді ол.

Депутат қоғамнан сын жиі келетінін де жасырмады.

"Кейде тіпті көтерген сұрағыңа орынсыз сын тағып, «Осы мәселе сендер қозғайтын тақырып па? Неге жоғарыдағылар ұсақ-түйек мәселелер қозғайды» деп жатады. Өз басым бұл сынмен келіспеймін. Себебі біз – бір мемлекетпіз! Сондықтан ұсақ, ірі демей, әр мәселеге бірдей жұмылуымыз керек. Шалғайда жатқан бір ауылда кішкентай баланың тісі ауырса, оған Астанадағы министрдің жүрегі ауыру керек. Жұмыла көтерсек, жүгіміз жеңілдейді", - деп үндеу жасады Зайытов.

Оның сөзінше, мақтанатын да, ақталатын да, алда атқаратын да жұмыс көп.

"Құдайға шүкір, Мәжіліске келген уақыттан бері қадамымыз нықталып, бойымыз шынығып келе жатыр. Себебі Мәжілістің бүгінгі құрамы қазақтың ертеңіне жарайтын, кейінгі буын ұқсата білсе, одан да арғы ұрпақ та қызығын көретін заңдар шығарып жатыр деп айта аламын. Дегенмен беталысымыз жаман емес. Бүгінде мемлекетте болып жатқан өзгерістерді «көрмес» қана байқамайды.

Бұл ретте Парламенттің ықпалы айтарлықтай артып, халық депутаттардың кім екенін, олардың не істейтінін тереңірек түсінді. Мәжілісте апта сайын сауал жолдап, үкімет мүшелерін сұрақтың астына алып жатқан депуттарға қарап халықтың ойындағы өшкен үміт қайта тірілді.

Бұрын ел арасында, көшеде ғана айтылып, ұзаса бірер ереуілменен амалсыз басылып қалатын халықтың үні бүгінде төрге жетті. Елдің көкейінде жүрген түйткілдің бәрін осында қоғам белсенділерімен, сарапшылармен бірге бүкпесіз талқылаймыз", - деп сендірді ол.

Зайытовтың сөзінше, Парламент халыққа ашық жұмыс істеп жатыр.

"Көтерілмей қалған мәселе, айтылмай қалған ой жоқ. Осылайша, қоғамды толғандыратын көптеген мәселе шешімін тауып, елдің іргесі беки түсті. Әрбір игі іс жүзеге асқан сайын халықтың билікке деген сенімі артып келеді", - деді ол.

Депутат алда көтеру керек мәселе де көп екенін айтты.

"Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамы өте үлкен жылдамдықпен рухани дағдарысқа ұшырап барады. Күн сайын еліміздің әр түпкірінде бір отбасы бұзылып, бір оқушы зәбір көріп, бір адам кісі қолынан қаза тауып, біреу пара алып, біреу өзіне қол жұмсап, біреу алаяққа жем болып жатады. Мұндай мысалдар таусылмайды. Бүгінгі қазақ қоғамы туғанға тасбауыр, жақынға жау, досына дұшпан болып кетті.

Қоғамның қатыгез бола бастауына не себеп болды десеңіздер, бірден жауап беру қиын. Өйткені оның себебі біреу емес. Тұрмыстағы таршылық, тәрбиенің жоқтығы, жеткіншектерге үлгі болатын тұлғалардың құбыжыққа айналуы, материалды байлықтың бірінші орынға шығуы, әлеуметтік желідегі белгілі тұлғалардан бастап әртүрлі дін мен ұлт өкілдерінің өзара ашық соғысы, т.с.с. осының бәрі адамның рухани тозып, қатыгез болуына әкеліп соғып жатыр.

Өзімшілдік пен менмендік қоғамның басты індеті болып тұр. Бүгін ойланбасақ, ертең кеш болмақ. Сондықтан кешіктірмей идеологиялық тәрбие жұмысын күшейтуді бастау керек", - деп ескертті ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар