Қазақстан Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалдаудың тұрақсыздығы аясында Әзербайжан арқылы мұнай экспорттаудың қосымша бағыттарын қарастырып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Атап айтқанда, Баку – Тбилиси – Джейхан және Баку – Супса мұнай құбырлары, сондай-ақ Каспий теңізі арқылы тасымалдаудың өзге де нұсқалары қарастырылуда.
«ҚазМұнайГаз» 2026 жылы Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құбыры арқылы жеткізілетін қазақстандық мұнай көлемін өткен жылмен салыстырғанда 31%-ға арттырып, 1,7 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.
Қазақстан мұнайы Ақтау портынан танкерлермен Әзербайжанға жеткізіледі. Одан кейін шикізат Баку – Тбилиси – Джейхан құбырына түсіп, Түркияның Жерорта теңізі жағалауындағы Джейхан портына дейін тасымалданады.
2026 жылғы қаңтар-маусым айларында Ақтау портынан Баку – Тбилиси – Джейхан бағытына 704 мың тонна қазақстандық мұнай жөнелтілді.
Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құбырының ұзындығы 1768 шақырымды құрайды. Оның өткізу қабілеті жылына 50 млн тоннадан асады.
Сонымен қатар Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты бұрынғыдай Новороссийск маңындағы терминалға шығатын Каспий құбыр консорциумының жүйесі болып қала береді.