15 наурыздағы референдум: Қазақстан үшін қандай өзгерістер әкелуі мүмкін – депутаттар пікірі

Қаракөз Амантай 03 нау. 2026 08:00

15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияға қатысты референдум өтпек. Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер халық арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Көпшілік көкейінде «Енді елде қандай өзгерістер болмақ?» деген орынды сауал бар. Осы тұста Мәжіліс депутаттары Самат Нұртаза мен Абзал Құспан  референдумның астарында жатқан басты реформалар жайлы сөз қозғады. Олардың пайымынша, аталған өзгерістер мемлекет пен халық арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің негізі болмақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа кезеңге аяқ басамыз

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза референдумның басты мақсатының бірі қоғамды ұйыстыру екенін атап өтті. Оның сөзінше, 1995 жылғы Конституция өз кезеңінде маңызды миссия атқарды және мемлекеттікті қалыптастыруда тарихи рөл ойнады.

«Әр нәрсенің өз уақыты болады. Адам болсын, зат болсын, құбылыс болсын – бәрінің басы мен аяғы бар. Сондықтан ескі Конституциямен қош айтысатын кез де жақындады. Біз жаңа дәуірге қадам басып жатырмыз», – дейді ол.

Депутаттың пікірінше, ел алдында тұрған стратегиялық міндет – ішкі алауыздыққа жол бермей, ұлттық тұтастықты күшейту.

«Жаңа Конституцияның преамбуласында жазылғандай, біз мыңжылдық тарихы бар елміз. Яғни бұл жерде мекендеген бір мемлекеттің халқы «біртұтас отбасы» деген философиялық тұжырым бар», – деп қосты ол.

Самат Нұртаза жаңа редакциядағы Конституция мемлекетшілдік ұстанымды күшейтіп, азамат пен мемлекет арасындағы сенімді арттыруы тиіс деп есептейді.

Сондай-ақ депутаттың айтуынша, конституциялық өзгерістер әртүрлі саланы қамтиды. Ол комиссия құрамында түрлі мамандық өкілдері болғанын атап өтті. Сондықтан әрқайсы өзіне жақын бағыттарға көбірек мән берген.

«Бірі өлім жазасы тақырыбын көтерсе, енді бірі ғылым мен білімге, тағы бірі мемлекеттік идеологияға қатысты нормаларды алға тартты», – дейді ол.

Адам – мемлекеттің басты құндылығы

Депуттың пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістердің мазмұнында маңызды идеологиялық бұрылыс бар. Айтуынша, бұрын ел дамуы көбіне табиғи ресурстармен байланыстырылып келсе, жаңа Конституция философиясында адам капиталы бірінші орынға шыққан.

«Әрине 95 баптың барлығы да елдің дамуына негізделген. Бірақ әр адам табиғатына жақын норманы ерекше қабылдайды. Мысалы маған «мемлекеттің бірінші байлығы – адам» деген тұжырым қатты ұнады. Біз бұған дейін мұнай мен газға көбірек арқа сүйеп келдік. Ал қазір алғашқы орынға адам шықты. Президентіміздің осы сөзі болашақ ұрпақтың еңсесін көтереді деп ойлаймын», – деп қосты ол.

Нұртазаның пікірінше, нағыз мемлекетшілідік – азамат пен мемлекет арасындағы мызғымас сенімнен бастау алады.

«Адам өзін мемлекетке керек сезінуі керек. Ал мемлекет адамды қорғап отыруы керек. Тіпті дүниенің кез келген қиырында қиындыққа тап болса да, «мені мемлекетім құтқарады!» деген асқақ сенім болуы шарт. Бұл – нағыз мемлекетшіл позиция», – деді халық қалаулысы.

Оның пайымынша, тек мемлекетшілдік мәңгі құндылық болып қала бермек.

«Президенттер ауысады, депутаттар мен әкімдер өзгереді, адамдар келеді-кетеді. Бәрі де уақыт еншісінде. Ал мемлекетшілдік дегеніміз – өте жоғары деңгейдегі ұғым. Сондықтан мен бұл құжатты «Мемлекетшіл Конституция» деп бағалаймын. Болашақта Қасым-Жомарт Тоқаевтан кейін келетін басшылар да осы бағыттан айнымай, осы құжаттың рухымен жұмыс істесе құба-құп», – дейді ол.  

Вице-президент институты

Депутат референдум аясында ұсынылып отырған маңызды жаңалықтардың бірі вице-президент лауазымының қайта жаңғыруы екенін алға тартты.

«Меніңше, бұл мемлекеттің билік сабақтастығы мен тұрақтылығына тікелей әсер ететін маңызды институт. Естеріңізде болса, бізде бұрын вице-президент болған. Мысалы, 1996 жылға дейін Ерік Асанбаев қызмет атқарған. Сондықтан вице-президент – президент өз қызметін атқара алмай қалған жағдайда, отставкаға кеткенде немесе қайтыс болғанда билікті уақытша ұстап, екі ай ішінде сайлау өткізуге міндетті тұлға. Бір сөзбен айтқанда, cаяси аумалы-төкпелі кезеңде бұл институт ел ішіндегі алауыздыққа жол бермейтін, мемлекеттің тұтастығын сақтайтын берік қалқан іспетті», - деп қосты ол.

Халық қалаулысы өңірлердегі кездесулердің барысы жайлы да сөз қозғады.

«Әріптестерімнің жұмысына төрелік айта алмаймын, бірақ өзіме жүктелген міндет аясында Астана мен өзге де аймақтарды аралап жүрміз. Қоғам бағасын өзі береді. Жеке басым ешқандай өрескелдік немесе заң бұзушылықты байқамадым. Ондай жағдайлар орын алса, онымен құзырлы органдар айналысуы тиіс», – деп түсіндірді ол.

Депутат кейінгі екі аптада 50-ге жуық кездесу өткізіп, халықтың саяси белсенділігі артқанын ерекше атап өтті.

«Жұрт бізді жылы қабылдап жатыр. Оқырман да, тыңдарман да терең сұрақтар қояды. Кейде жауапты бірге іздеп, байыппен түсіндіруге тырысамыз. Менің ойымша, әр депутаттың, әр министр мен әкімнің өз майданы бар. Ол философиялық, рухани және идеологиялық майдан. Біз мұнда Конституцияның маңызы мен оң тұстарын халыққа жеткізуді парыз санап жүрміз», – деп түйіндеді ол.

Абзал Құспан пікірі

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан да «Аманат» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филилына берген пікірінде өңір жұртшылығымен жүздескенін жеткізген еді.

Оның айтуынша, алдағы саяси науқан елдің құқықтық даму бағытын айқындайтын маңызды қадамдардың бірі. Депутат қоғамда бұл мәселеге байланысты қызу пікірталас жүргенін заңды құбылыс деп санайды. Ол мұны ел азаматтарының Ата заңға бейжай қарамайтынын көрінісі екенін атап өтті.

«Былтырдан бері көптеген ұсыныс қаралды. Биыл комиссия жұмысы өте ашық режимде жүргізілді. Барлық ұсыныс жан-жақты талданып, талқыланды. Қазір жоба түбегейлі бекітілді. Енді осы жобаға дауыс беру ғана қалып тұр», – деді ол.

Депутаттың пікірінше, қазіргі геосаяси өзгерістер мен цифрлық трансформация жағдайында негізгі заңды жаңарту – уақыт талабы.

«Конституцияға енгізіліп жатқан құжат – мүлдем жаңа Конституция. Өйткені қазіргі геосаяси жағдайға байланысты қоғам үлкен өзгерістер мен трансформация кезеңін бастан өткеріп жатыр. Сонымен қатар цифрлық әлем адамзат өміріне айтарлықтай әсер ете бастады. Осы жағдайларға байланысты жаңа Конституция қабылдау қажеттілігі туындады.

Ең басты жаңалықтардың бірі – Конституцияның адамға бағытталғандығы. Салыстырмалы түрде айтсақ, 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституция негізінен мемлекеттік билік институттарын нығайтуға бағытталған еді. Ал қабылданғалы отырған жаңа Конституция қарапайым азаматтардың, еңбек адамдарының құқықтарын күшейтуге бағытталып отыр», – деп қосты ол.

Құспан Конституцияның преамбуласында «Заң мен тәртіп» және «Әділетті Қазақстан» қағидаттарының көрініс табуын осы бағыттың дәлелі ретінде атады. Айтуынша, негізгі баптардың басым бөлігі адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуді көздейді.

«Мәселен, халықаралық деңгейде мойындалған «Миранда құқығы» қағидаттары бар. Яғни қандай да бір күдікті ұсталған жағдайда оған ең алдымен негізгі құқықтары түсіндірілуі тиіс: өзіне қарсы жауап бермеу құқығы, адвокат жалдау құқығы, қажет болған жағдайда тегін адвокат талап ету құқығы. Бұлардың барлығы – базалық құқықтар», – деді ол.

Сондай-ақ депутат 30 жыл бойы заңгерлер қауымы армандаған адвокатура мәртебесінің Конституция деңгейінде бекітілуін тарихи әділдік деп бағалады.

«Адвокатура институтының Ата Заңнан көрініс табуы – көптен күткен мәселе.  Бұл прокуратура мен адвокатураның процестік мүмкіндіктерін теңестіруге жол ашады. Яғни, сот залында екі тараптың да құқықтық пәрмені бірдей болады. Мен осы маңызды өзгерістер үшін Батыс Қазақстан облысының жұртшылығын референдумға белсенді қатысуға шақырамын», – деді Абзал Құспан.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove