1,5 млн адамның шоты бұғатталған: депутат жалақыны қолма-қол беруді ұсынды

Самал Асқар 18 нау. 2026 16:16

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қазақстандағы әлеуметтік және қаржылық мәселелерге қатысты өткір мәлімдеме жасап, жүйедегі олқылықтарды ашық айтты, деп хабарлайды Dala News.

Оның айтуынша, елде еңбек құқықтары сақталмай, кейбір азаматтар мүлде қорғансыз қалып отыр.

«Кешкі сағат сегізден кейінгі жұмыс екі есе төленуі керек. Ал таксистер мүлде құжатсыз жұмыс істейді, төлем жоқ, сақтандыру жоқ. Енді олардың құқықтарын қалпына келтіруіміз керек», - деді депутат.

Депутат бұдан бөлек банктер мен нотариустардың әрекеттеріне байланысты күрделі мәселені көтерді. Оның сөзінше, миллиондаған адамның шоты бұғатталып, олар қалыпты өмір сүру мүмкіндігінен айырылған.

«Бір жарым миллион адамның шоты бұғатталған. Банктер алаяқтық несиелерді тіпті алуға болмайтын адамдарға рәсімдеген. Ауру адамдарға, зейнеткерлерге, табысы аз азаматтарға берген. Одан кейін нотариустар сотсыз-ақ адамды қарыз деп таниды. Адамды шақырмай-ақ шешім шығарады. Соның салдарынан 900 мың адамның шоты бұғатталып, шетелге шығуына тыйым салынған. Адамдар жұмыс істей алмайды, тамақ та, дәрі де ала алмай отыр», деп дабыл қақты Абенов.

Осы жағдайды ескере отырып, Әбенов мәселені шешудің нақты жолын ұсынды. Оның айтуынша, азаматтардың жалақысына толық шектеу қоюға болмайды.

«Егер адамның қарызы болса, жалақысының 50 пайызы ұсталып қалуы мүмкін. Бірақ қалған бөлігін азаматқа міндетті түрде қолма-қол беру қажет», - деп ұсынды өз сөзінде депутат.

Депутат қазіргі жүйеде адамдар жалақысын ала алмай, жұмысқа да орналаса алмай отырғанын атап өтті.

«Нотариустар қазір 1,5 млн адамның шоттарын сотсыз бұғаттап тастаған. Ешқандай жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Не айлық ала алмайды, не тамақ іше алмайды. Шот болмағаннан кейін жұмысқа да қабылдамайды»,- деп қорытындылады.

Әбеновтің айтуынша, бұл мәселе Ұлттық банкпен талқыланған және Еңбек кодексіне өзгеріс енгізу ұсынылып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove