141 млрд теңге: аудиторлар СҚО-да бірқатар бұзушылық анықтады

Көркем Алдабергенова 26 қар. 2025 13:18

Жоғары аудиторлық палатада Солтүстік Қазақстан облысында жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Солтүстік Қазақстан облысына бөлінген бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтердің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудит аяқталды. Аудит қорытындылары Жоғары аудиторлық палатаның отырысында қаралды.

Жүргізілген тексеру соңғы 5 жыл ішінде облыс негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді орындағанын көрсетті. Жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) тұрақты өсуі байқалады, ол 2020 жылдан бері 69%-ға артқан. Жұмыссыздық деңгейі 0,4%-ға төмендеген, ал кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінен аз азаматтардың үлесі 2,3 пайыздық тармаққа азайған. Сонымен қатар тұрғын үй қоры 600 мың шаршы метрге көбейген.

Дегенмен аудит барысында өңірдегі өмір сапасына теріс әсер ететін бірқатар факторлар, бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды.

Мәселен, облыста халықтың табиғи өсімі азайып, теріс көші-қон сальдосы байқалуда.

Білім беру саласында үш ауысымды және апаттық күйдегі мектептер проблемасы шешімін таппай отыр. 17 мектепте спорт залы жоқ, 24 мектеп пән кабинеттерімен қамтамасыз етілмеген. Медициналық мекемелердің шамамен 74%-ы тозған.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санының артқанына қарамастан, ЖӨӨ үлесінде олар өндірген өнім көлемінің төмендегені байқалады.

Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов өңір бойынша көтерме және бөлшек сауда саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар кірісінің едәуір төмендегеніне назар аударды. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша 100 млрд теңгеге азайған.

«Яғни, өңірдің сауда саласы бойынша салықтық әлеуеті төмендеген. Демек, салық аз төленді, салдарынан жергілікті бюджеттің әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және басқа да жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі де азайды. Біз жағдайды көріп отырмыз, бұл дұрыс емес. Көлеңкелі сектор артқан болуы мүмкін. Бұл бағытта жұмыс істеу қажет», - деді Әлихан Смайылов.

Өңір үшін стратегиялық маңызы бар объект саналатын «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы назардан тыс қалып отыр. Инженерлік инфрақұрылымның болмауы салдарынан АЭА-дағы кейбір объектілер уақытында пайдалануға берілмеген. Бұл АЭА тиімділігін және инвесторлардың сенімін төмендетеді. Соған қарамастан жергілікті бюджеттен басымдығы төмен жобаларға қаражат бөлінген, мысалы, әкімшілік ғимараттарды реконструкциялауға 7,3 млрд теңге,  театр құрылысына 7 млрд теңге жұмсалған.

Облыстағы 38 тірек ауыл әлі күнге дейін сапалы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Салынған 79 объектінің 22-сі (10 млрд теңгеге) осы уақытқа дейін пайдаланушы ұйымдарға берілмеген.

Облыстың көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы жоқ және жол инфрақұрылымының қауіпсіздігіне жеткілікті деңгейде мониторинг жүргізілмейді.

«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қызметіне берілген баға да басқару мен инвестициялық бағыттарды іске асырудың тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мәселен, бірлескен кәсіпорындар құру нәтиже бермей, шамамен 1 млрд теңге көлемінде мемлекеттік ресурстар шығынына әкелді. Бейінді емес активтерді ұстау 610 млн теңге көлемінде, өңірлік тұрақтандыру қорларының қаражатын пайдалану салдарынан 298 млн теңге көлемінде шығын келген. Бухгалтерлік есеп жүргізуде де 24 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылық анықталды.

Мемлекеттік сатып алу саласында да заң бұзушылықтар тіркелген. Конкурс рәсімдерін өткізбей, 5,5 млрд теңгеге бір көзден сатып алу арқылы шарттар жасасу, сондай-ақ жұмыстар көлемін қосалқы мердігерге беру жөніндегі шектеулерді сақтамау фактілері анықталды.

Аудит қорытындысы бойынша:

28,3 млрд теңгеге қаржылық бұзушылық, 112,4 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланылғаны және пайдаланылғаны анықталды;

111 факт бойынша материалдар әкімшілік  іс қозғау үшін жіберілді;

кейбір материалдар құқық қорғау органдарына беріледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар