123 млн теңге: Павлодар облысында "Богатырь көмір" ЖШС-ның қаржысы қолды болған

Сағыныш Сардарова 21 қар. 2025 11:21

ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті "Богатырь көмір" ЖШС-ның қаржысын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бірқатар коммерциялық компания басшылары бұрын пайдаланылған қосалқы бөлшектерді жаңа өнім ретінде кәсіпорынға жеткізу схемасын ұйымдастырған.

"Схеманы іске асыру үшін тауар мен материалдарды қабылдауға жауапты "Богатырь көмір" ЖШС-ның қызметкері тартылған. Ол талаптарға сәйкес келмейтін бөлшектерді еш кедергісіз қабылдап, олардың сапасын негізсіз түрде растаған. Екі жыл бойы жалған сертификаттар бойынша реакторлар, цилиндр блоктары, автотіркемелер және тежегіш жүйелерінің бөлшектері жаңа өнім ретінде жеткізіліп отырған", - деп жазылған хабарламада.

Салдарынан "Богатырь көмір" ЖШС-ға 123 млн теңге көлемінде залал келген. Қылмыстық жолмен алынған қаражат байланысы бар ЖШС және жеке кәсіпкерлер арқылы жалған шарттар бойынша шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Тінту барысында күдіктілерден 27 млн теңге қолма-қол ақша тәркіленді.

Сот санкциясымен күдіктілердің 6 көлігіне, соның ішінде Cadillac Escalade, Range Rover, Toyota Land Cruiser 250 көліктеріне тыйым салынды.

Үш күдікті қамауға алынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар