12 есе қымбат: Аймағамбетов дәрінің бағасына қатысты мәселе көтерді

12 есе қымбат: Аймағамбетов дәрінің бағасына қатысты мәселе көтерді
Ашық дереккөз

Қазақстанда Helicobacter pylori инфекциясын емдеуге қолданылатын вонопразан дәрісінің дәріханаларда жоқтығы және оның тапсырыспен бірнеше жүз мың теңгеге ұсынылуы туралы Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Аймағамбетов бұл мәселені өзінің жазбасында көтерді. Оның айтуынша, жеке қабылдау кезінде азамат дәрігер тағайындаған заманауи препаратты Қазақстандағы кәдімгі дәріханалардан таба алмаған. Науқасқа 14 күндік ем үшін 20 мг дозадағы 28 таблетка қажет болған.

Депутаттың мәліметінше, Жапонияда Takeda компаниясы шығаратын түпнұсқа Takecab препаратының 28 таблеткасы шамамен 11 мың теңге тұрады. Малайзияда 30 таблеткалық қаптамасы 27–30 мың теңге шамасында сатылады. Ал Қазақстанда осы препаратты тапсырыспен 100 таблеткадан тұратын қаптамада 463 мың теңгеге немесе одан да қымбатқа ұсынған.

Осылайша, Аймағамбетовтің сөзінше, пациент өзіне қажетті 28 таблетканың орнына шамамен төрт есе көп дәрі сатып алуға мәжбүр болуы немесе тағайындалған емнен бас тартуы мүмкін. Депутат бір таблетканың Қазақстандағы бағасы Жапониядағы ресми бағадан шамамен 12 есе жоғары екенін атап өтті. 

Депутат биыл дәрілік заттарды тіркеу тәртібін жеңілдететін заң қабылданғанын еске салды. Алайда оның пікірінше, мәселе тек тіркеуде емес. Нарықта сұранысқа ие, бірақ жоқ препараттарды анықтап, өндірушілермен жұмыс істеу және жеткізу тетіктерін жеңілдету қажет.

«Заң қабылданды. Енді оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Негізгі нәтиже – қағаз жүзінде қысқарған мерзімдер емес, пациентке қажетті дәрінің дәріханада қолжетімді бағамен болуы», – деп жазды Аймағамбетов.

Депутат бұл мәселені Комитет отырысында және Құрылтайда көтеретінін мәлімдеді.