Қазақстанда көлік жуу орындары әлі де ауызсуды пайдаланады. Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев мұндай нысандарды суды қайта пайдалану жүйесіне көшуге міндеттеп, одан бас тартқандарға тарифті көтеруді ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда жылына 24 миллиард текше метр су тұтынылады. Қазіргі қарқын сақталса, 2040 жылға қарай су тапшылығы 15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Ал су ағынының шамамен 45 пайызы елден тыс аумақта қалыптасады.
Пономарев бұл жағдайға қарамастан, көліктер әлі күнге дейін таза ауызсумен жуылатынына наразылық білдірді.
Оның сөзінше, Кипр сияқты су тапшылығын сезінген елдерде бір стақан суды тегін алу да мүмкін емес.
Депутат келтірген дерекке сүйенсек, Қазақстанда тіркелген 3 285 көлік жуу орнының 85 пайызы суды айналымда пайдалану жүйесін қолданбайды. Бір көлікті жууға 250 литрге дейін ауызсу жұмсалуы мүмкін. Депутат кәсіпкерлерге су тазартатын қымбат жабдық орнатқаннан гөрі су ақысын төлей салу тиімдірек екенін айтты. Мысалы, Астанада бір текше метр ауызсудың тарифі - 493 теңге. Ал суды айналымда пайдалану жүйесі судың 70 пайызына дейін қайта қолдануға мүмкіндік береді.