Курорттық аймақтарға Алматы, Астана және басқа да ірі қалалардан тікелей рейстер ұйымдастырылады. Сондай-ақ Қазақстанның үш курорттық аймағында әуежайлар салынады. Бұл туралы бүгін, 2025 жылы 19 ақпанда көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді, деп жазады Dalanews.kz.
Вице-министрдің айтуынша, үш әуежайдың ұшу-қону жолағының өлшемі - 2200х35 м2. Жобалардың құны 117,7 млрд теңгені құрайды.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында шағын өңірлік авиацияның жаңа әуежайлары типіндегі жобалар іске асырылуда. Қазіргі уақытта құрылысты бастау үшін барлық қажетті дайындық іс–шаралары жүргізілуде",- деді вице-министр.
Бұл рете 74 орынды қамтитын ATR-72, Q-400 Bombardier сияқты өңірлерге ұшуға арналған ұшақтарды пайдалану жоспарланып отыр. Үш ұшақ өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы сатып алынады. Курорттық аймақтарға Алматы, Астана және басқа да ірі қалалардан тікелей рейстер ұйымдастырылады.
Сонымен қатар мемлекет жыл сайын 26 әлеуметтік маңызы бар әуе бағытын субсидиялайды. Олардың ішінде Үшарал, Үржар, Түркістан, Ақтау және басқа да танымал туристік қалаларға бағыттар бар. Өткен жылы Үшарал, Үржар және Балқаш қалаларындағы шағын авиация терминалдары мен әуеайлақтарын жөндеу жұмыстары аяқталды.
Жерүсті инфрақұрылымын жақсарту үшін 2024 жылы 10 әуежайда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді, 350 млрд теңге жеке инвестиция есебінен Алматы, Шымкент және Қызылордадағы жолаушылар терминалдары жаңғыртылды, бұл олардың өткізу мүмкіндігін 6,5 есеге арттырды. Ақтау және Павлодар әуежайларында ұшу-қону жолақтарын күрделі жөндеу биыл аяқталады.
Авиахабтарды дамыту және жүк ағынын арттыру үшін 6 негізгі әуежай анықталды. Оларды жаңғырту аясында 2,1 млрд доллар көлемінде жеке инвестиция тарту жоспарлануда.
Сонымен қатар тасымалдауды тұрақтандыру үшін авиаотынның жеткілікті қорын қамтамасыз ету маңызды. Авиаотын құнын төмендету, өндірісті ұлғайту және жеткізілімдегі делдалдарды жою үшін БҚДА және Энергетика министрлігімен жұмыс жүргізілуде.
2025 жылы 16 жаңа халықаралық бағыт жоспарланған. Азаматтық авиация академиясы жыл соңына дейін қазақстандық ұшқыштар мен инженерлерді даярлау үшін Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің сертификатын алуды жоспарлап отыр. Жыл сайын салаға 500-600 жаңа маман қажет, қазір Қазақстанның азаматтық авиациясында 23 мың адам жұмыс істейді.