Астанада 1-сыныпқа алдағы оқу жылында 35 мыңға жуық бала қабылданады, деп хабарлайды dalanews.kz.
2026-2027 оқу жылына бірінші сыныпқа қабылдау науқаны жалғасып жатыр. Құжат қабылдау 28 мамырда басталып, 31 тамызға дейін жүргізіледі.
Астана қаласы Білім басқармасының мәліметінше, бүгінде 30 мыңнан аса бала бірінші сыныпқа қабылданған. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін елорда мектептерінің табалдырығын 35 мыңға жуық бүлдіршін аттайды деп жоспарланып отыр.
Ата-аналар құжаттарды www.egov.kz арқылы электрон түрде тапсыра алады. Сонымен қатар, құжаттарды мектепке барып, қағаз түрінде де өткізуге мүмкіндік бар.
Бірінші сыныпқа қабылдау үшін қажетті құжаттар:
- ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші;
- "Профилактикалық екпелер картасы" (№065/у);
- "Бала денсаулығының паспорты" (№052-2/у);
- баланың 3×4 см өлшеміндегі суреті.
Құжаттарды қағаз түрінде тапсырған жағдайда ата-анасының немесе заңды өкілінің жеке куәлігінің көшірмесі қоса ұсынылады. Бірінші сыныпқа қабылдау тәртібі бойынша толық ақпаратты ата-аналар тұрғылықты жері бойынша мектептерден немесе электрон порталдардан ала алады.