Қостанайдағы колледждердің бірінде 1 қыркүйекке арналған салтанатты жиында ресейлік әншінің «Матушка» композициясы шырқалып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видео Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжінде түсірілгені айтылып жатыр. Кадрларда студенттер жаңа оқу жылының басталуына арналған жиында тұрған кезде колонкалардан ресейлік әнші Татьяна Куртукова орындаған «Матушка» әні естілген.
Әннің мәтінінде Ресей мен «Қасиетті Русь» туралы жолдар бар. Осыған байланысты бейнежазба қазақстандық әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды.
Желі қолданушыларының бір бөлігі оқу орнындағы 1 қыркүйек сияқты ресми шарада мұндай әннің қойылуын сынға алды. Кейбірі колледж басшылығына түсініктеме беруді талап етті.
Сонымен бірге әлеуметтік желіде әннің тек танымал композиция ретінде таңдалғанын айтып, оған саяси мән бермеуге шақырған пікірлер де болды.
Ulysmedia.kz мәліметінше, әнді колледж студенттерінің бірі орындауы мүмкін. Алайда шарада әннің қандай негізде таңдалғаны және оқу орны басшылығы бұл жағдайға қандай түсініктеме беретіні әзірге нақтыланбаған.
Редакция оқиғаға қатысты колледж әкімшілігіне ресми сауалдама жіберді.