Ресей Иранға дыбыстан жылдам қанатты зымыран жасауға көмектесіп жатыр — FT

Ресей Иранға дыбыстан жылдам қанатты зымыран жасауға көмектесіп жатыр — FT
ЖИ: Dalanews.kz

Ресей бірнеше жылдан бері Иранға дыбыстан жылдам қанатты зымыран әзірлеуге көмектесіп келеді. Бұл туралы Financial Times басылымы жариялаған зерттеуде айтылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Басылымның мәліметінше, C430L кодтық атауымен белгілі бағдарламаға қатысты ақпарат Ресейден тараған хат алмасулар, сапар деректері мен патенттік құжаттар негізінде анықталған. Жобаны Ресейдің қару-жарақ экспорттаушысы «Рособоронэкспорт» ұйымдастырған. Ал негізгі орындаушы ретінде санкцияға іліккен, теңіз базасындағы қанатты зымырандарды әзірлеумен айналысатын «НПО машиностроения» кәсіпорны көрсетілген.

FT дерегіне сәйкес, Иранның Қорғаныс министрлігімен келісімшарт 2023 жылдың қараша айында жасалған.

Бағдарламаның мақсаты қандай?

Жобаның басты мақсаты – Иранға тік ағынды әуе-реактивті қозғалтқышты (рамджет) жетілдіруге көмектесу. Мұндай технология қанатты зымырандардың төмен биіктікте дыбыс жылдамдығынан бірнеше есе жоғары жылдамдықпен ұшуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде әуе қорғанысы жүйелеріне реакция жасау үшін өте аз уақыт қалдырады. Сарапшылардың пікірінше, аталған технология негізінен кемеге қарсы зымырандар мен жердегі нысандарды жоюға арналған қаруларда қолданылуы мүмкін.

Иран мұндай технологияны бұрыннан игеруге тырысқан. Мәселен, 2018 жылы Украинада екі ирандық дипломат кеңестік Х-31А кемеге қарсы зымыранының құжаттары мен бөлшектерін алуға әрекеттенген кезде ұсталған болатын.

Ресейлік мамандарды жіберу ұсынылған

FT мәліметіне қарағанда, 2025 жылға қарай «НПО машиностроения» ирандық техникалық материалдардың үлкен көлемін алып, ұшу сынақтарының нәтижелерін зерттеген және Тегеранға қосымша сұрақтар жолдаған. Ал 2025 жылдың сәуірінде «Рособоронэкспорт» Иранға шамамен 20 маман жіберуді ұсынған. Басылымның қолына түскен 2026 жылғы маусымдағы хаттарда тараптардың бағдарламаның келесі кезеңін талқылағаны көрсетілген.

Зымыран әзірге толық іске қосылмаған

Financial Times дерегінше, Иран қозғалтқышты жасап, сынақтан өткізген. Алайда Ресейдің көмегімен әзірленген жаңа зымыранның толыққанды қару ретінде қолданысқа енгізілгенін растайтын дәлелдер әзірге жоқ. Conflict Armament Research ұйымының ирандық зымыран бағдарламалары жөніндегі сарапшысы Фабиан Хинцтің айтуынша, бұл Ресейдің Иранға ондаған жыл бойы қол жеткізуге ұмтылған аса маңызды әскери технологияны беруімен тең.

«Бұл – Ресей тарапынан стратегиялық тұрғыдан өте сезімтал әскери технологияның берілуі. Мұндай деңгейдегі бағдарлама ең жоғары саяси деңгейде мақұлданбай жүзеге аспайды», – деді сарапшы FT басылымына.

Осылайша, басылым жариялаған мәліметтер Ресей мен Иран арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың бұрын ойланғаннан әлдеқайда терең болуы мүмкін екенін көрсетеді.