ҰҚК: терроризм ісі бойынша 19 адам сотталып, 28 күдікті ұсталды

ҰҚК: терроризм ісі бойынша 19 адам сотталып, 28 күдікті ұсталды
КНБ РК

Маусым-шілде айларында терроризм және экстремизм қылмыстары бойынша 19 адам сотталып, тағы 28 адам ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) мәліметінше, тергелген қылмыстық істер бойынша 19 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Сотталғандардың бірі – Алматы қаласының тумасы. Ол 2017 жылдан бері халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне қатысқаны үшін іздеуде болған. Ер адам Түркияда анықталып, 2025 жылы Қазақстанға депортацияланған. Елге келгеннен кейін қылмыстық іс аясында қамауға алынған. Сот оны сегіз жылға бас бостандығынан айырды.

Тағы бір сотталған Шымкент тұрғыны әлеуметтік желілерде терроризм идеологиясын насихаттап, таныстарын зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға шақырған. Ол тоғыз жылға сотталды.

Сол кезеңде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 28 адам ұсталды.

ҰҚК мәліметінше, ұсталғандар терроризмді насихаттады, діни араздықты қоздырды, интернетте және өз ортасында тыйым салынған материалдарды таратты, сондай-ақ экстремистік ұйымның қызметіне қатысты деген күдікке ілінген.

Қазір Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

ҰҚК Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейтінін хабарлады.