1 мамырдан бастап жедел жәрдемнің жұмыс тәртібі өзгереді

Қаракөз Амантай 22 сәу. 2025 10:28 168

Қазақстанда 1 мамырдан бастап жедел жәрдем қызметі мен емханалар жанындағы мобилдік бригадалардың жұмыс тәртібі өзгермек. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Азаматтардың 103 нөмірі бойынша жедел көмекке шақырту құқығы сақталады. Алайда жеделділіктің 4-санатына жататын, өмірге тікелей қауіп төндірмейтін жағдайлар бойынша (мысалы, қан қысымының көтерілуі, дене қызуы, жеңіл жарақаттар) шақыртулар енді күндізгі уақытта емханалар жанындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) мобилдік бригадаларына бағытталатын болады.

Өзгерістердің негізгі тұстары:

• Мобилдік бригадалар емханалардың жанында сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді;
• 4-санаттағы шақыртулар жұмыс уақытында емханалар жанындағы МСАК бригадаларына жіберіледі;
• 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртуларға, соның ішінде 4-санатқа, бұрынғыдай жедел жәрдем қызмет көрсетеді.

Ведомство бұл өзгерістер жедел жәрдем қызметінің жүктемесін азайтып, шын мәнінде шұғыл көмекке мұқтаж адамдарға дер кезінде жетуге мүмкіндік береді деп түсіндіреді.

Жаңа уақыт стандарттары:

• 1-санат (аса шұғыл жағдайлар) – 10 минут ішінде келу;
• 2-санат – 15 минут ішінде;
• 3-санат – 30 минут ішінде;
• 4-санат (өмірге қауіп жоқ) – мобилдік бригада 60 минут ішінде шақыртуға келеді.

Министрлік бұл қадам жедел жәрдемге жүктемені оңтайландырып, медициналық көмектің сапасын арттырады деп сендіреді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар