Сырттағы жаудан іштегі дау жаман!

Dalanews 27 сәу. 2016 03:25 169

Шілденің бірінен бастап жер сату басталатынын естіп таң қалып отырмын!.. Әсіресе, «шетелдіктерге жалға беріледі»  деген сөз желдей есіп, қазақ даласын кезіп кетті... Жетпіс күннен кейін байтақ-дала, тау-тас, өзен-көліміз  саудаға түседі, дегенді ойлағанда жаным түршігіп, миым шыңылдайды!   Жаратушы көз жасымызға бола, мейірі түсіп бұйыртқан, бабаларымыз барымен, жанымен қорғаған  осынау сайын даланы біздер енді сатпақпыз.

Әңгіменің ұзынырғасы: «Ауылшаруашылығына арналған жер сатылады», «...шетелдіктерге 25 жылға жалға беріледі»  деген секілді.  Бір депудат мырза: «Жердің қожайыны болу керек, сонда ғана игеріледі» десе, енді бірі «Мемлекеттің ұлттық қорын  толтырамыз» деп жатыр. Бұл деген сұмдық жантүршігерлік, қасіретті жағдай! Қазіргі бағамен гектарын 5 долларға емес, тіпті 5 милион долларға болса да жерді шетелдіктерге сатуға (жалға беруге)  болмайды. Зауыт, фабрика, кен орындары сатылды (немесе ұзақ мерзімге жалға берілді).  Ал, енді келіп пәленбай миллион  гектар жерді сату – ТӘУЕЛСІЗДІККЕ қауіп төндіріу деген сөз. О заманда, бұл заман отанның территориясын сатуға бола ма?

Кезінде түріктер Сыр бойынан сырғанап барып Анадолы жерін тартып алып, мемлекет құрды. Хұндар батысқа жылжып сонау Хұнгерияны құрды. Бабыр бастаған көктүріктер Ауған, Үнді түбегін тұтасымен басып алып, Моғолстан елін тұрғызды. Ағылшындар Шаңгаңды (Ганконгты) мәжбүрлеп тұрып сатып алды. Әр құрлықтан отарлаған жерінің көптігіне орай өздерін «күн батпайтын мемлекетпіз» деген.  Патшалық Ресей қазақ даласын қарулы күшпен, от бүріккен зеңбірекпен  жаулап алды.

Жер алудың жолы, міне, осындай – тек  тартып алу ғана!  Сонда ғана бағынасың, шараңның жоғынан шалға тиесің!..

Кісі өз қолымен,  өз еркімен жер бермейді.  Демек, бізден біреулер тартып алғысы (сатып алғысы) келіп тұрған жоқ па?  Болмаса, жерді сататындай, территорияны бөлшектейтіндей, үй ішінен үй тігетіндей басымызға қандай күн туып тұр? Ұлттық қорды  жерді сату арқылы толтыру деген дұрыс шешім емес. Және келіп, алып империялардың еншісіне беру деген жерден  мәңгіге айрылу деген сөз!

Сіз де, біз де кетеміз... мықтағанда ондаған  жыл, болмаса одан да аз... Ертеңгі ел мен жердің иесіне не қалдырасың? Олардың алдында әруағымыз қарғысқа қалмай ма?!  «Көріңде өкіргір» демей ме?

Жеріміз бүгін игерілмесе, ертең игеріледі. Құнарланып, тусып жата берсін! Мал жайылсын, киіктер өсіп, тышқандар жорғаласын!.. Машинаңды сат, үйіңді сат, барыңды сат!... Алайда жерді жатқа сатуға ешкімнің қақысы жоқ!  Иесі Алла, игілігі осы жердің тұрғыны қазаққа тән. ҚАСИЕТТІ  сатуға бола ма?!

Біздің елде Кәрім Мәсімов басқаратын Үкімет, әлде депудаттар  жер сату мәселесін билеп-төстеп отыр дегенге ешкім сенбейді. Әлдебір күштердің жер сатуға мәжбүрлеп отырған қысымы бар сияқты болып көрінеді! Бұл да сол тартып алудың аты өзгерген түрі емес пе?!

Он алты миллион халық әлі жеткенше игерсін, қалғанын осы даланың иесі көбейе келе, кемелдене келе өздері пайдаланады.  Тек біз ғана жеп, жұтып, тоздырып, сатып...  кетуге неге құлшынамыз?!

Жер – Мемлекет, Жер –Тәуелсіздік,  Жер – тұтастық және халық!  Қандай күшті заң, мықты бақылау қойсаң да жеріңді иемденіп алған алпауыттар  ертең еркіңе көнбейді, айдағаныңа жүрмейді.  Жалға алған мерзімі бітіп, 25 жыл толған күні тастап шығып кетеді деген бос сөз. Ол кезде сатқандар жоқ, тек зардабын тартқандар қалады... Халық жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсы, ендеше, мәселені шиеленістірмей доғару керек!

Келіп шығатын зардаптар:  ең алдымен тұтастығыңа сызат түседі, дәстүрің мен салтың тозады. Қызың бөтеннің құшағына құлап, көлденең  көк аттыға мінгеседі, белгісіз «жиендер» өріп шығады. Ертеңгі аласапыран солардан туындайды. Қазірдің өзінде мыңдаған қыздарымыз келімсектерге үйленді. Жат бауыр болып бөтенсіді. Тіліміз, дініміз ала-құла болып барады. Жерді сатып алған ұлт ертең өз адамын әкеледі, ол адамдар айналасына қарайды,барлайды, байқайды,  нәпсісіне жем іздейді. Оларды қапқа салып, темір тормен қоршап қоймайсың ғой?!  "Екі жағы мен екі пұтының арасындағы заттарына" қажеттілік іздейді! Қара шаңырақтың иелері төмен босағаға  ығысып, көңілі жарым боп көкірегі шерленеді. Ұлтаралық қақтығыстар туындайды. Даламызда шағын-шағын бөтен майда «мемлекеттер» пайда болады.

Әлде болса кеш емес, 1- шілдеге дейін екі айдай уақыт бар екен. Шығарылған заңның дұрыс болмаған баптарына өзгеріс енгізіп, қателіктің  күшін жою керек! Парламент пен Сенат өзі жасаған заңды өзі өзгерте алады. Қазақстанның тағдырын үкімет пен депудаттар  шешпейді. Халық шешеді, оның үстіне Елдің, Мемлекеттің символы, аманат арқалаған ПРЕЗИДЕНТ бар. Ол кісі  айналасындағы мынау аласапыранды тыныштандыра алады. Тариққа көз жүгіртсек Алла жіберген ПАЙҒАМБАРЛАР да бүліктен, қақтығыстан, қантөгістен сақтанып, халқының райына бағып, қажетті кезде шешімдерін өзгерткен екен. Шұғыл түрде шудың алдын алу керек!   Қазақтың  ашу-ызасын тудырмағаны абзал! 25 жылдық мерекеміздің бейбіт-тыныш өтуін қалаймыз!

Министрліктегі, биліктегі өкілдердің түсіндіруіне қарасақ «... жерді пайдаланатын шаруалар тыныш келісіп отыр, мәселені ушықтырып, шу шығарып отырған жерді игермейтін зиялы жұрт өкілдері», –деген мазмұнда сөз айтты. Төмендегі халық кейбір мәселеден бейхабар, түсінбейді. Оның үстіне үнін жеткізетін мүмкіндіктері жоқ. Енді, сол халықтың арасынан шыққан зиялылар айтпағанда, кім айтады? Олар кетпен алып жерді игермесе де, соқа сүйреп атызға шықпаса да, сол жерге тағдыры байлаулы. Мақсаттары еліміздің бүтіндігі. Олар тәуелсіздігіміздің баянды болуын көксеп отыр! Айту айып емес, ертеңгі күннен алаңдап, бір нәрсе біліп айтып отыр. Дегенмен дүрлігістен сақтанып, халықтың көңілін алажаңқаламай, тұтастығымызға көлеңке түсірмей мәселені шешу керек. Қандай жолмен болса да, шетелдіктерге жер беруді үзілді-кесілді тоқтатқан абзал!

Біздер ішкі дүрбелеңнен, қақтығыстардан, билікке қарсы келетін орнықсыздықтан сақ болғанымыз дұрыс. Жершарындағы оқиғаларға қарасақ, әлде біреулер ішкі бүлікті тудырып, соның есебінен еліміздің тыныштығын бұзғысы келіп, отқа май құюы әбден мүмкін.

«Араб көктемі» сұмдықтарынан, «Украина жобасынан» Алла бізді сақтасын. Әлеуметтік желілерде «Мен –Атыраумын!», – деген ұрандар пайда болды.  Сырттан келе жатқан жау жоқ, іштен туындап отырған дау бар. Қайткен күнде де аяқастынан тұтанып кететін өрттен абай болып,  халық пен билік жауласпай, істі бейбіт келісімдермен шешкен дұрыс. Ол біздің ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздік үшін керек!!

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x