Талдықорғанда тұрғын үйлердің қабырғасына тұлғалардың суреті салынуда

Dalanews 27 там. 2020 05:51 368

Жетісудың бас шаһары Талдықорған қаласында тұрғын үйлердің қабырғаларына танымал тұлғалардың бейнесін салу үрдіске айналған болатын.

Бұған дейін, алғашқылардың бірі ретінде Геннадий Головкин, Айдын Айымбетов, Абай Құнанбайұлы, Бейсен Құранбек сынды тұлғалардың сұлбасы кескінделген-ді.

Ендігі кезекте Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында ғұламаның бейнесі облыс орталығындағы «Көктем» шағын ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына салынды.

Муралдың төменгі шетінде кемеңгер тұлғаның «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді!» деген қанатты сөзі жазылған.


Аталмыш шығармашылық жұмыстың жүзеге асуына Алматы облыс әкімдігінің қолдауымен «Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесі және облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мұрындық болып отыр.

Ұлылықтың символына айналған Әл-Фарабидің суретін тұрғын үйдің қабырғасына бейнелеген жас суретші, «Jetisy Media» КММ-нің маманы Еркеғали Иманғали.

Туынды авторының айтуынша, мұндай ірі тұлғаның суретін салу оңай емес. Дегенмен, бұл қуаныш алып келетінін жасырмады. «Туған қалаңның гүлденуіне қосқан үлес бір бөлек, ал өскелең ұрпаққа баба мұрасын дәріптеу бір басқа» дейді суретші Еркеғали Иманғали.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x