"Чемпион". Назарбаев тағы бір атақ алды

Dalanews 27 там. 2020 06:21 829

Қазақстанның тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион" мәртебесіне ие болды. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған арнайы сессиясында жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының (ЯСЖТШҰ) атқарушы хатшысы Лассина Зербо Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құрудағы жаһандық күш-жігерге жетекшілік кезіндегі ерекше тарихи үлесін ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа мәртебе беру туралы бастама көтерді. Елбасының 1991 жылы 29 тамызда әлемнің ең ірі ядролық полигондарының бірі – Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған ядролық сынақтарға алғашқы заңды тыйым ретінде ғана емес, сонымен бірге Халықаралық күнді белгілеу үшін маңызды негіз болды.

Бастамашылардың болжауынша, «Чемпиондар» ЯСЖТШ-ға қол қоймаған мемлекеттермен мақсатты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, олар ЯСЖТШ-пен ынтымақтастықтың артықшылықтары туралы түсініктерін жақсарту, сондай-ақ Қазақстанның ядролық инфрақұрылымын өз еркімен бөлшектеу секілді озық тәжірибелерімен бөліседі.

Финляндияның экс-президенті Тарья Халоненге де осындай мәртебе берілді. "Чемпиондар" сондай-ақ ЯСЖТШҰ-ның атақты тұлғалар тобының мүшелігіне кіреді.


БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясының барысында Елбасы Н.Назарбаевтың іс-шара қатысушыларға үндеуін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді оқыды.
"1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан планетадағы ең қуатты ядролық қарудың төртінші арсеналынан бас тарту шешімін өз еркімен таңдады. Тарих бұл қадамның дұрыстығын растады – біз жарқын мысалмен бейбіт жолмен прогресс пен өркендеуге бет алуға болатынын көрсеттік", - деп атап өтті Елбасы өз үндеуінде.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті халықаралық қоғамдастыққа Қазақстанның үлгісімен жүруге және ядролық ессіздікті тоқтату үшін күш біріктіруге шақырды.
"Мен Америка Құрама Штаттары, Ресей, Қытай және Еуропалық Одақтың басшылары планетаның болашағы үшін ерекше жауапкершілікте деп санаймын. Егер осы төртжақты форматта саммит өтетін болса, онда оның басты тақырыптарының бірі ядролық қаруды кезең-кезеңімен және пропорционалды түрде қысқарту туралы көпжақты келісімді әзірлеу болуы керек деп сенемін. Қазақстан осы саммитке өз алаңын ұсынуға дайын", - деді Елбасы өз үндеуінде.

Биыл COVID-19 пандемиясымен байланысты объективті себептермен БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі дәстүрлі іс-шарасы онлайн режимінде өтті. Отырысты ашқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясының Төрағасы Мұхаммад Тижани-Банде Қазақстанның ядролық сынақтарға тыйым салу бағытын ілгерілетудегі жетекші рөліне тоқталды. Ол 1945 жылдан бастап әлемде 2000-нан астам ядролық сынақтар жүргізіліп, планета мен адамзаттың бірнеше буыны үшін жойқын салдары болды. «БҰҰ құрылғаннан кейін 75 жыл өтсе де, ядролық қауіп әлі де сақталады, мыңдаған ядролық қару қоймаларда сақталып, пайдалануға дайын», - деді БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасы.

БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі Жоғарғы өкілі Изуми Накамицу іс-шарада БҰҰ Бас Хатшысы Антониу Гутерриштің үндеуін жеткізді. Ол жаһандық ядролық сынақтарға тыйым салудың асыл мақсатына жетудегі кешеуілдеу үшін ешқандай себеп жоқ екенін және әлем мемлекеттерін Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қойып, ратификациялауға шақырған БҰҰ Бас Хатшысының сөздерін айтты. Изуми Накамицу сонымен бірге қазіргі қиын геостратегиялық ортада халықаралық қауымдастық ядролық сынақтарға қарсы норманы қуаттау үшін күш-жігерін арттыруы керек деп қосты.

Сонымен қатар, отырыста ЯСЖТШҰ Атқарушы хатшысы Лассина Зербо, Финляндияның бұрынғы президенті Тарья Халонен, ядролық сынақтардан зардап шеккен мемлекеттердің азаматтық белсенділері - Карина Лестер (Аустралия) және Селина Лим (Маршалл аралдары), сондай-ақ БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері сөз сөйледі.

БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясы барысында БҰҰ-ға мүше мемлекеттерден, беделді халықаралық ұйымдардан және ҮЕҰ-дан, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарынан және азаматтық қоғамнан 300-ге жуық қатысушылары ЯСЖТШ-тің ерте күшіне енуді қамтамасыз ету арқылы ядролық сынақтарға түпкілікті тыйым салу жөніндегі қазіргі күш-жігерді бағалап, мазмұнды пікір алмасты.

Бас Ассамблеяның отырысына қатысушылар Қазақстанға ядролық қаруды таратпаудағы жетекші рөлі үшін алғыс білдіре отырып, бұл мәселені халықаралық қоғамдастықтың назарында ұстаудың, сондай-ақ көпшілік жыл сайынғы Қазақстан бастамашылық ететін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін тойлаудың түбегейлі маңыздылығын атап өтті.

2009 жылғы 18 маусымда Семей ядролық полигонындағы сынақтардың тоқтатылуының 20 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада ҚР Президенті Н.Назарбаев 29 тамызды Дүниежүзілік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялау туралы бастама көтерді. Келісімнің нәтижесінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы қарар қабылдады, оған сәйкес жыл сайын әлемге ядролық сынақтардың ауыр салдарын еске түсіру және болашақта олардың қайта басталмауы үшін іс-шаралар өткізіледі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар