Төрт жылда Алматы облысындағы қант қызылшасы алқабы он есеге артты

Dalanews 19 сәу. 2019 04:36 334

Таяуда Талдықорған қаласының маңында «Агропарк Талдықорған» өңірлік зерттеу орталығы жұмысын бастады. Орталықта ғылым мен өндірістің бір арнаға тоғыстырылып, ауыл шаруашылығының ең озық жетістіктерін паш ететін болады. Мұнда қант қызылшасы, жүгері, соя сияқты облыстағы басымдық берілмекші. Бұл жайында Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен және қызылша, жүгері және картоп өсірушілердің қатысуымен өткен жиында PhD докторы Андрей Агеенко айтты.

Жиынды ашқан облыс басшысы А.Баталов өңірде көктемгі дала жұмыстары қарсаңында қызылша өсірушілермен кездесу бұрыннан қалыптасқан дәстүр екенін айтып өтті. Дегенмен осы жылы бұл жиынға жүгері және картоп өсірушілер алғаш қатысып отыр.

Атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров баяндап берді.

Оның айтуынша, Алматы облысында 2014 жылы қант қызылшасының алқабы 1,2  мың га болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 11,2 мың гектарға жеткізіліп, он есе өскен. Биылғы жылы «Жетісу» ӘКК арқылы қант қызылшасына арналған 5 сервистік-дайындау орталығы құрылып, арнайы техникалар сатып алынуда. 1,2 млрд теңгеден астам сомаға 77 бірлік заманауи арнайы техникалар сатып алынады. Жалпы, 2014 жылдан бастап облыста қант қызылшасына бағытталған 24 СДО құрылған. Сол сияқты осы дақылды өсіруге маманданған 623 шаруашылық үшін Францияда, Алмания мен Данияда өндірілген сапалы тұқымның 18,4 мың себу бірлігі сатып алынған. Биылғы жылы тәтті түбірдің алқабы 14 мың гектарға жеткізіледі. Орташа өнімділігі 400 ц/га болғанда 550 мың тонна қант қызылшасы алынады деп жоспарланып отыр.

С.Бескемпіров дәндік жүгері өткен жылы 80,1 мың га себілгенін айтты. Әрбір гектарынан орта есеппен 66,8 центнер өнім алынып, 534,9 мың тонна өнім жиналған. Биылғы жылы жүгері алқабын 81,1 мың гектарға жеткізу межеленген. Егер орта есеппен әр гектарынан 67,5 центнер алынса, жалпы өнім көлемі 548 мың тонна болады деп есептеліп отыр. Бұл бағытта 2 СДО бар, онда 76 арнайы техника жұмыс істейді.

Баяндамашы өз сөзінде өңірдегі картоп өсіру ісіне де тоқталды. Мәселен, өткен жылы оның орташа өнімділігі 186,5 ц/га болып, 732,9 мың тонна картоп алынған. Ал биылғы жылы бұл саланы одан әрі дамытып, Райымбек ауданында тағы бір СДО құрылады, оған тіркеме агрегаттарын қосқанда 87 арнайы техника алынады деп жоспарланған.

Тағы бір мәселе – ет экспорты. Биылғы жылы облыстың алдында 4 мың тонна ірі қара етін экспорттау межесі тұр. Бұл іс әлі де ширатуды қажет етеді.

Жиынға қатысушылар мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдауларға рақметін айтып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, өнім қабылдаудағы сатып алу құнын арттыру, 50 шақырымнан бастап көлік шығынын субсидиялау мәселелері көтерілді.

Өз кезегінде облыс әкімі А.Баталов шаруалар сөз еткен мәселелердің барлығы да толық зерделеніп, қаралатынын айтты.

Ақсу қант зауытының бас директоры Самат Надирбаев өткен маусымдағы жұмыстарымен таныстырып, жуық арадағы жоспарларымен бөлісті. Мысалы, зауыттағы жаңғырту жұмыстары биылғы жылы да жалғаспақ, соның арқасында онда жылына 350-400 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге мүмкіндік тумақ. Оған қоса биылғы жылы зауыт 400 гектар жерге қант қызылшасын сепкелі отыр. Сол сияқты кәсіпорынның жұмысы маусымаралық кезеңде тоқтап қалмауы үшін қамыс қантын өңдеуді де қолға алуға ниетті. Бұл аудан жұртшылығын тұрақты жұмыс орындарымен қамтуға жағдай жасайды.

Амандық Баталов Ақсу қант зауытын одан әрі дамытудағы жақсы бастамалардың барлығын да қолдауға дайын екенін айтты.

Райымбек ауданындағы картоп шаруашылығын дамыту жайы туралы аудан әкімі Жолан Омаров баяндады. Ж.Омаровтың баяндамасын тыңдаған облыс басшысы дайын өнімді қаптау ісін ойластыруды, нарықта қолданыста бар техника – алдымен картопты жуып, сосын көлемі бойынша түйіндерін іріктейтін және соған сәйкес арнайы қаптамаға салатын техниканың түрлі нұсқаларын зерттеп көру керектігін ескертті.

Биылғы жылдың басында Талдықорған маңында құрылған «Агропарк Талдықорған» өңірлік зерттеу орталығының жұмысы туралы Қаз НИИЗиР жетекшісі, PhD докторы Андрей Агеенко хабарлады. Айтылған мәліметтерге қарағанда орталық облыс басымдық беретін дақылдарға – қант қызылшасына, жүгері мен сояға маманданатын болады. Бүгінгі күні мұндағы 17 га алаңда қант қызылшасының 14 түрлі гибриді себілген. Себу жұмыстары өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды ескере отырып жүргізілген. Орталықта үлгілік көрсету және өндірістік көрсету алаңдары қалыптасып, оған барлық заманауи технологиялар шоғырландырылып, олар өңірде тиімді қолданылатын болады. Шаруалар инновацияларға және оларды ауыл шаруашылығында қолдануға қатысты мәселелерімен бұл орталыққа тікелей жүгіне алады. Тұрақты байланыс үшін арнайы мобильдік қосымша дайындалуда. А.Агеенконың айтуынша, ғылымға шаруалардан тапсырыс болады, яғни ғалымдар олардың ауыл шаруашылығындағы іскерлік барысында туындаған проблемаларын шешеді, бұл өз кезегінде жұмыстың әрбір кезеңінің тиімділігін арттырып, өнімділік пен өнім сапасын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов жоспарланған алқаптарда ауыл шаруашылығы дақылдарын мерзімінде себу, қызылша өсірушілер мен зауыт арасында тәтті түбір қабылдау мен өңдеуге қатысты келісімге отыру процедураларын ұйымдастыру, өткізілген өнімге дер кезінде төлем жасау, зауытқа өткізілген қант қызылшасының сапасын бақылау, сол сияқты биылғы жылғы көктемгі дала жұмыстарын сапалы атқаруға жағдай жасалуын тұрақты қадағалауды тапсырды.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x