Республикалық насихат тобы Шардарада Жолдауды талқылады

Dalanews 18 қаз. 2018 08:32 157

Бүгін Шардара ауданына ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын насихаттау және түсіндіру бойынша республикалық ақпаратық-насихаттық топтың мүшелері келіп, өз ойларын ортаға салды.

Насихат тобының құрамында ҚР Энергетика министрлігі Әкімшілік жұмысы департаментінің директоры Өмірсерік Әшімбев пен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков келіп, қаладағы «Абай» Мәдениет сарайында тұрғындармен кездесу өткізді.

Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиевтің төрағалығымен өткен жиында республикалық ақпараттық-насихаттық топтың мүшесі Өмірсерік Әшімбаев баяндама жасады.

– Болашағымызды баянды ететін Елбасы Жолдауында айтылған басым бағыттар шын мәнінде де халқымыздың тұрмыс сапасын арттырып, әлеуетін жақсартады. Оған біздің мүмкіндігіміз жеткілікті, қаржы көздерін қайдан алып, қалай жұмсау керектігін Мемлекет басшысының өзі айқындап беріп отыр, – деген Өмірсерік Өстетайұлы республика мен облыс деңгейіндегі атқарылып жатқан шаруаларды егжей-тегжейлі айтып өтті.

Мұнан кейін жарыссөзге шыққан аудандық орталық аурухананың сатистика бөлімінің меңгерушісі Пәзілхан Мыңбаев, қаладағы №8 «Балапан» балабақшасының тәрбиешісі Гүлнәр Есмұрзаева, аудан жастары атынан Бекжан Еспанов Елбасы Жолдауын бірауыздан қолдап-қуаттайтындарын жеткізді.

Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев:

– Жолдауды насихаттап, халыққа жеткізе білу осында отырған баршамыздың міндетіміз. Сондықтан да Жолдауды насихаттап қана қоймай, одан туындайтын міндеттерді іске асыруға шардаралықтар бір кісідей жұмылып еңбек етеді деген енімдемін, – деп жиынды қорытты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x