«VIP ZHETYSU» – жастарды кітап оқуға үндейді

Dalanews 16 там. 2018 03:45 264

Алматы облысының журналистер үйінде білім беру, әлеуметтік және мәдени шаралар өткізілетін арнайы кітапхана бар. Бұл алаң жастарды кітап оқуға шабыттандырып, таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған.

Жаңа кітапханада қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі түрлі жанрдағы халықаралық дәрежеде мойындалған 350-ден астам туынды қойылған. Нақтырақ айтқанда, сөреде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың барлық кітаптары және әдеби, детективті, тарихи, психологиялық, триллерлер, фантастика және тағы басқа да жанрда жазылған басылымдар бар.

Ішкі саясат басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметі ұйытқы болуымен қолға алынған кітапханада арнайы «VIP ZHETYSU» зияткерлік клубы жұмыс істейді. Онда шығармашыл адамдар тың идеяларымен бөлісіп, жүзеге асыра алады.

Аталмыш кітіпханада белгілі тележүргізуші, «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек, «Асар» оңалту орталығының директоры, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының қатысушысы Елдос Баялышбаев және танымал блогер Қайрат Әбдірахман сияқты танымал азаматтар шақырылып, өз ойлары мен қатар іс-тәжірибелерімен бөліскен болатын.

Бұл клубтың төртінші қонағы – Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

– Мұндай орынның ашылуы – бұл өте жақсы идея. Бұл кітапханада әркімнің қолы жете бермейтін кітаптар бар екен, еш қиындықсыз кітап оқуға барлық жағдай жасалынған және біз сияқты көбіне жұмыс бабымен қолы тие бермейтін адамдар үшін шығармашыл адамдармен, оның ішінде оқырмандармен кездескен біз үшін рухани азық болады, – деді.

Әлеуметтік салаға жауапты әкім орынбасары кітап оқуды үшінші сыныптан бастаған. Қазіргі таңда Мұхтар Мағауинның «Шыңғыс хан» атты деректі тарихи романын оқып жүргенін айтты. Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын екінші қайтара оқуға кіріскен.  Бүгінгі кездесуде сүйікті ақын-жазушыларын да атады. Олар қазақ әдебиетінің жаңашыл дара жазушысы Оралхан Бөкей, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев. Ал қазіргі ақындардан Қалқаман Саринның поэзиясына ынтық.

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары өзінің  көзқарасын өзгерткен кітаптармен де бөлісті. Ол Шоқан Уәлиханов, Даниэль Дефо шығармаларын ерекше атап өтті.

– Шоқан Уәлихановтың кітабының арқасында географияға деген сүйіспеншілігім артып, тереңірек зерттей бастадым. Менің ойымша кез келген кітаптың пайдасы бар. «Оқу зиян емес, оқымаған зиян», – дейді Жақсылық Омар.

Сондай-ақ дәстүр бойынша  алты Алашқа аты мәшhүр, әйгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» кітабын кітапхана оқырмандары үшін  сыйға тартты.

Балжан ЖҰМАНБЕКОВА, Алматы облысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x