Әлем студенттері Жетісуда басқосады

Dalanews 17 там. 2018 03:37 211

Алматы облысының әкімдігінің қолдауымен «Enactus Kazakhstan» ұлттық кеңсесі «Тұран» университетімен бірлесе отырып «Enactus Eurasia Summer Camp 2018» студенттерге  арналған жастар лагерін ұйымдастырды.

Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Іс-шара Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы атты бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында өтеді.

Enactus – барша әлемнен жиылған командаларға арналған алаң. Олар қоғамға әлеуметтік, нарықтық және экологиялық мәселелерді шешуге арналған жобаларды жүзеге асырады. Осы арқылы жастар тек кәсіптерін жетілдіріп, мансапқа қол жеткізіп қана қоймай әлемдегі жағдайды жақсартуға да өз үлесін қосады.

«Enactus Eurasia Summer Camp 2018» деп аталатын  жастар басқосуына еліміздің 30 аса жоғары оқу орындарының білімгерлері қатысатын болады. 5 күнге жоспарланған шарада білімгерлер қаржылық сауаттылық, кәсіпкерлік, жобаларды басқару және бизнес-инновациялар бойынша тәжірибе жинап, біліктілерін талқыламақ. Сондай-ақ Қырғызстан, Әзірбайжан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мен Украина делегеттарымен өзара тәжірибе алмасу жағы да қарастырылған.

«Enactus Eurasia» ұйымы бүгінгі күнге дейін жастардың бастамасымен 100-ден аса жобаларды жолға қойған. Қатарында әлемдік, халықаралық және отандық өзекті мәселелерді қозғаған тақырыптарда бар. Қазіргі таңда ұйымда 36 мемлекеттің жастар тобы мен отандық 50-ге жуық жоғарғы оқу орындарының командалары мүше.

– Біз қатарымызға кез келген университеттер мен колледждердің білімгерлерін қуана қабылдаймыз. Мұнда командамен жұмыс істеуді, тиімді шешім қабылдау дағдыларын, жауапкершілікті дамытуды үйренеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, біздің балалардың шамамен 20% -ы сәтті кәсіпкер болса, қалғандары жұмысқа еш қиындықсы орналасып жатыр. Белсенді жұмыс істеп жүрген жастарды кейбір компаниялар өздеріне жұмысқа шақырады, – деді Enactus Kazakhstan-ның президенті А. Ержанова.

Айта кетейік, жастар лагері өз жұмысын тамыз айының 17 күні бастайды. Аталған шара Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесқайнар  ауылы Балалар кешенінде өтеді.

 

Балжан ЖҰМАНБЕКОВА, Алматы облысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x