Түркістандағы алғашқы сессия

Dalanews 03 шіл. 2018 11:52 182

Бүгін алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс  жиырма алтыншы сессиясы алғаш рет Түркістан облысының орталығында өтті. Бұл жиынды облыстық мәслихат сессиясының төрағасы Базарбай Мұсабеков жүргізді.

Сессия жұмысына облыс әкімі, облыс әкімдігінің мүшелері, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, қала және аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының, облыстық аумақтық департаменттер мен басқармалардың, ұйымдардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.



Облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібінде облысты басқару схемасына өзгерістер енгізу мен Түркістан облысы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы және өңірдің әкімшілік-аумақтық құрылысы сынды алты мәселе қаралды.

Сессия отырысында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бүгінгі Түркістан қаласында өткізіліп отырған облыстық мәслихатының сессиясы тарихи екенін айтып,  Елордада 1997 жылы 9 желтоқсанда өткізілген ҚР Парламентінің бірлескен бірінші мәжілісін еске алды.

– Түркістан облысы – ел игілігі, ұлт болашағы үшін қабылданған Елбасымыздың бастауымен қолға алынған маңызды шешім. Бұл Астананың 20 жылдығын тойлау кезінде Қазақстанға жаңа серпін беретін, жаңа бастама болатын үлкен қозғалыс болып тұр. Елбасымыз 19 маусымда осы Жарлыққа қол қою кезінде көп нәрсені түсіндіріп айтты. Орта ғасырларда Қазақ хандығының ордасы болған,  қазақ жерінде мемлекеттіліктің қалыптасуына ерекше ықпал еткен, талай хандарымыз, билеріміз бен батырларымыз және сұлтандарымыз жатқан Түркістан қаласы шынында да өзіне лайықты Қазақстанның және түркі дүниесінің мәдени орталығы болуға тиісті, – деді облыс әкімі.

Бұдан бөлек, сессия барысында облыс әкімі депутаттарды «Астананың 20 жылдығы» медалімен және мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапаттады.

 

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x