Back
| DalaNews

Хусей Дауров: “Дұнғанның 80 пайызы Жамбыл облысында тұрады”

Қазақстандағы дұнған қауымдастығының басшысы Хусей Дауров осыдан бірнеше жыл бұрын қытай жаңалықтарын тарататын орыстілді russian.dbw.cn тілшісімен сауалдасқан. Dalanews.kz осы сұхбатты ықшамдап аударып, оқырман назарына ұсынды.

Хусей мырзаның айтуынша дұнғандардың  Орта Азияға, оның ішінде Қазақстанға орныққанына 135 жылдан асқан.

“Осы арада дұнғандардың 6-шы, 7-ші буыны өмірге келіп, өсіп-өркендеуде”, – дейді ол.

Дауровтың дұнған қауымдастығына жетекшілік еткеніне биыл 20 жыл. Дұнған ұлтының мүддесі үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын дейді.

“Дұнған” шығыс ұлты деген мағынаны береді. Қытайдан алып келген дәнді дақылдарды қазақ жерінде молынан егіп, ауыл шаруашылығын жолға қойдық”, – дейді ол.

Айтуынша Қазақстан тәуелсіздік алған жылы Қордай ауданындағы дұнғандар қоныс тепкен Шэнси ауылына Қытайдан арнайы делегация келген. Осындағы дұнғандар атажұрттан келген ағайынды құшақ жая қарсы алып,  амандық-саулық сұрасып, мауқын басыпты.

Хусай мырза өзін ата-баба аманатын кейінгі толқынға табыстаушы деп санайды.

“Ата-бабаның “дұнғанның тілі мен дәстүрін сақтау – ұлтты сақтау” деген өсиетін ұмытқан жоқпыз. Осы мақсатта орыс әліпбиінің негізінде дұнған тілін жасадық”, – дейді ол.

Қазақстандағы дұнғандардың түтіні түзу. ТМД аумағында 130 мыңға тарта, бір Қазақстанның өзінде 60 мыңнан аса дұнған тұрады. Олардың 80 пайызы Жамбыл облысында шоғырланған.

“Дұнғандар ауыл шаруашылығымен айналысады. Қазақстанның бүкіл өңіріне шөп-шалам, жеміс жидек, көкөніс жеткіземіз”, – дейді Хусей мырза. 

Айтуынша дұнғандардың дерлігі қытай тілін тәуір білетіндіктен Қытай кәсіпорындарымен байланыс орнатқан, шекара маңында сауда-саттықпен айналысатын да негізінен осы – дұнғандар.

“Иә, дұнғандардың дерлігі бизнесте. Қазақстанда дұнған ресторандары көп. Көпшілігі (дұнғандарды айтады ред.) қытай тілін біледі. Дәл қазір біз дәулетті, бақуатты тұрамыз”.

Дұнғандардың қытай тілін үйренуі үшін қауымдастық басшысы “Конфуций мектебін” ашыпты. Осы арадан тәлім алған дұнған жастары әрі қарай Қытайға оқуға аттанады екен.

“Біз бе? Біз орысша таза сөйлейміз. Орыс тілі біздің туған тіліміз. Орыс тілі біздің ТМД көлеміндегі бизнесімізді дамытуға дәнекерлік етеді”, – дейді ол.

Дауров Орта Азиядағы дұнғандардың дәуірлеу заманы алда деп біледі. Бұл мақсатқа жетуге іргедегі ағайыны қол ұшын созарына сенімді.

Тағы оқыңыз:

Бұл – мемлекет құраушы ұлт пен диаспораны теңестірген саясаттың «жемісі»