Back
| DalaNews

Арыстанбек, сен айтшы, орыс әншілерін қашанғы асыраймыз?!

Қазір Қазақстанда орыс әншілерінің даңқы асқақтап тұр. Апта сайын алыстағы Мәскеуден келген бір әншінің концертін тамашалайтын болдық. Олардың қолдаушылары мен демеушілері де табыла кетеді. Алматының әйдік бір мейрамханасы «құрметті мейманның» басты күтушісі болса, келесі бір қонақ үй әлгі әншінің жамбаспұлын көтеріп алып, мырзалық жасап жатқаны. Тіпті, еліміздің тіркелген әуе компаниялары жол шығынын көтеріп алғандарын жарыса жарнамалағанда, жының келеді екен. Иә, қазір нарық заманы. Кез келген продюсерлік орталық қалаған жұлдызын Қазақстанға алдырып, мұндағы «сүйікті тыңдаушыларының» көңілін көтеруіне болады.

| DalaNews

Алла Пугачева

Бірақ мұндай дарақылық, жиын-той десе, ішкен асын жерге қоятын жастарымызға теріс тәрбие беретіні жасырын емес. Сырт елден келген әншілер мұнда Қазақстанға келіп, өзінің мәдениетін насихаттайды. Қазақтың қай әншісі Ресейге барып, жеке концертін беріп, ән салып жатыр. Ешқайсысы. Әнеу бір жылдары Роза Рымбаева Қазақстан мен Ресей арасындағы достық жылы кезінде бір рет барып ән салғаны есімізде. Бұдан басқа Мәскеуді Батырхан Шүкеновтің мойындатқанын білеміз.

Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген жиынында қойны-қонышы ақшаға толған қалталылар қалтасына сыймаған ақшасын ел экономикасын өркендетуге жұмсасын деп ұсыныс айтты. Орыс әншілерін Қазақстанға магниттей тартатын орыстілді байшыкештердің ақшасы. Қарапайым көпшілік үшін орыс әншілерінің құны бес тиын. Орысша сөйлеп, орысша ойлайтындар қазақтың бір әншісін тыңдамайды. Олар өзіне қажетті жан азығын Ресейден іздейтіні жасырын емес. Бөтен елдің әншісінің жолына Қазақстанда тапқан ақшасын шашып жатқаны.

Бұған тосқауыл қоюға бола ма?  Әрине, болады. Қазіргі таңда атқарушы билік қай жерден қаржы тауып, бюджеттің бүйірін бұлтитуды ойлап бас қатыруда. Дағдарыс кезінде кез келген салада қаржы тартудың жолын қарастыру артықтық етпейді. Біздер қаржы мен инвестиция тарту тек қана Әсет Исекешев пен Бақыт Сұлтановтың ісі ғана деп ойламауымыз керек. Біздіңше, бұл іске Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедияұлы да үлес қосуы тиіс. Үкіметтің қаржысын игеруді білетін Арекең біздің ұсынысымызды естігенде «Әкем-ау мен қаржыны қайдан табам?» деп шоршып  түсуі мүмкін. Шындығында, табуына болады. Арекең қазақ руханиятын өркендетуге шынымен де ықыласты болса, сырттан келетін әншілерге қомақты салық салатын заң жобасын дайындап, Парламентке алып барсыншы, депутат біткеннің бәрі қос қолын көтеріп қолдайтыны анық. Сол кезде елімізге келіп, көк қағазды қалтаға басып жүрген орыс әншілері бұлайша тайрандамас еді. Қазақстанды тек қана табыс көзі санайтын көрші елдің әншілері аяғын байқап басар еді. Бірақ бұған Арыстанбек мырзаның ерік-жігері жете қоя ма екен?

| DalaNews

Орыс әншісі Тимати

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған телетоптамына қаржының жетімсіздігінен сағызша созған Арекең орыс әншілеріне арыстанша айбат шегіп, қазақтың ырысын қорғайды дегенге ешкім сене қоймас. Бірақ бұл ұсыныс ұлтжанды азаматтардың назарында жүрсін деп әдейі айтып отырмыз.

Бұл ретте «сонда сырт елдің әншілерін кіргізбейміз бе?» деп шоршып түсудің қажеті жоқ. Ең бастысы олардың Қазақстаннан тапқан табысының белгілі бір бөлігін елде қалдыруды заң жүзінде реттеу қажет. Егер мұндай шара қолданбасақ, болашақта орыс әншілері Қазақстанның көрнекті сахналарын жаулап, өз әншілеріміз сыртта қалуы мүмкін. Қазірдің өзінде қазақ әншілері орыс әншілерінің шылауында жүргені жасырын емес. Онжылдық есепті концертін өткізейін деп отырған әйдік әнші Қайрат Нұртастың өзі «концерттің құрметті қонағы – Нюша мен Тимати» деп жарнамалап жатыр. Құдды бір Нюша мен Тиматидың жеке концерті өтетіндей.

Мәдениет саласының тізгінін ұстаған азаматтардың бостығынан қазір орыстың әу деп ән салатын әншісымақтары Қазақстанды табыс табудың көзіне айналдырып алған. Сондықтан бұған заң жүзінде шектеу қоятын кез жетті.

Нұрлан ЖҰМАХАН