Индонезияда қазақстандықтар ұсталды: тың дерек белгілі болды

Сағыныш Сардарова 02 шіл. 2025 11:54

Индонезияның есірткіге қарсы ұлттық агенттігі есірткі таратуға қатысы бар деген күдікпен ұсталған екі қазақстандыққа қатысты тергеу деректерін жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

The Bali Media мәліметінше, жергілікті тұрғындар күдікті шетел азаматтары туралы полицияға хабарлаған. Осыдан кейін құқық қорғау органдары оларды бақылауға алып, бір күні полицейлер шетелдіктердің жол шетінде тоқтап, бірінің жерде бір нәрсе іздеп, екіншісінің мотоциклде күтіп тұрғанын байқаған.

Олар оқиға орнында ұсталып, тексеріс барысында шетел азаматтарынан метамфетамин есірткісі салынған 30 қаптама табылған.

Тергеу барысында қазақстандықтар Ресейде орналасқан халықаралық есірткі желісіне қатысы бар болуы мүмкін екені анықталған. Бұл желінің басында "EVIL" лақапатымен танымал адам тұрғаны айтылды.

Ол қазір халықаралық іздеуде, ал полиция оның әрекетін Индонезия аумағынан тыс жерден басқаратынын болжап отыр.

Қазір екі қазақстандық қамауға алынған. Оларға заңсыз есірткі айналымы бойынша айып тағылып отыр. Бұл бап бойынша 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар