Ұлттық қауіпсіздік комитеті жаңа ведомствоға қатысты мәлімдеме жасады,- деп хабарлайды Dalanews.kz
"30 маусымда Мемлекет басшысының жарлығымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылу арқылы қайта ұйымдастырылды. Жаңа ведомство "ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі" құрылды. Осыған байланысты комитетпен бірқатар ұйымдастырушылық, басқарушылық және практикалық іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Құқықтар мен міндеттемелердің құқықтық мирасқорлығы рәсімдері аяқталғанға дейін қайта ұйымдастырылған ведомство бұрынғы режимде жұмыс істейді",- деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы төрағасы Асхат Жұмағалиға белсенді әрі нәтижелі жұмысы үшін ризашылығын білдірді. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.
Қазақстанда Антикор мен ҰҚК біріктірілетіні белгілі болды. Президент "Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" жарлыққа қол қойды:
- Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосу арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) қайта ұйымдастырылсын.
- Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі (бұдан әрі – қызмет) құрылсын.
- Қайта ұйымдастырылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілсін.