"Шегі болуы керек". Аймағамбетов Tiktok-тан шықпай, видео түсіретін мұғалімдерді сынға алды

Көркем Алдабергенова 02 шіл. 2025 14:29

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қазіргі мұғалім бейнесіне қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол бұл мәселені әріптестер арасында қозғағанда, кейбіреулері: «Сен тым жассың, неге мұндайды айтасың? Бұл заманауи көзқарасқа жат» – деп пікір білдіргенін айтты.

Аймағамбетов бұл көзқарасты біршама консервативті деп мойындағанымен, қазіргі заман – TikTok, Instagram, Netflix кезеңі екенін ескеріп, соған қарамастан белгілі бір құндылықтар мен ұстаздық бейне сақталуы керек екенін алға тартты.

Асхат Аймағамбетов қазіргі мұғалімнің бейнесі мен қоғамдағы орнын аса маңызды деп санайтынын айтты. Оның сөзінше, ұстаздың өзіндік орны, беделі мен бейнесі болуы тиіс.

«Оқушыға жақын болу – өте маңызды. Өзім де қазір ұстаздық қызметтемін. Біз мектепте оқыған кезімізде мұғалімді көргенде ерекше құрметпен қарап, тыныш отыратын едік», – деді депутат Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында.

Аймағамбетов барлық мұғалім мінсіз болды деп кесіп айтуға болмайтынын мойындады. Дегенмен, ол мұғалім имиджі мен беделі жай ғана формалдық емес, қоғамдағы жауапты міндет екенін ескертті.

«Оны әзілге, күлкіге айналдыруға болмайды. Рилс түсіргісі келсе, жұмыс барысын көрсетсін, оқушылармен жақсы қарым-қатынасын паш етсін. Бірақ анекдот айтып, тренд қуалап жүрген кейбір ұстаздардың әрекеті ойландырады. Әр нәрсенің өз шегі болуы керек», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов бұл мәселеде білім министрлігі тарапынан нақты ұстаным қажет екенін жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар