Болат Назарбаевқа қатысы бар компания Бурабайдағы жерінен айырылуы мүмкін

Сағыныш Сардарова 02 шіл. 2025 16:10

Болат Назарбаевпен байланысы бар компания Бурабай ұлттық паркіндегі жер телімінен айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"ГосАрхив" мәліметінше, Ақмола облысының Жер ресурстары департаменті "Бурабай" ұлттық паркінің аумағынан бұрын берілген жер телімін заңсыз деп тану туралы "КИК-Астана" ЖШС-не қарсы сотқа талап арыз түсірген.

Ақпаратта бұл іске Болат Назарбаевтың, оның балалары мен туыстарының қатысы бар деп көрсетілген.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, прокуратураның ұсынысы бойынша заңсыз берілген жер телімдерін қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін сот талап арызды қайта қарау үшін кері қайтарған, қазір ол толықтырылып, қайта тапсыруға дайындалып жатыр.

Айта кетейік, "КИК-Астана" ЖШС бұған дейін "Үш Қоңыр Б.Н." деп аталған және ол тікелей Болат Назарбаевпен байланыстырылған болатын.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында кадастрлық құны 53,4 млн теңге болатын жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жер Тимур Құлыбаевтың компаниясымен байланыстырылды.

Бурабай ауданы прокуратурасының бастамасымен Жер ресурстарын басқару департаменті "Кипрос" ЖШС-нің пайдалануындағы жер учаскесіне иелік ету заңдылығына тексеріс жүргізді. Тексеріс барысында серіктестік 2012 жылдан бері Щучье көлі жағалауында орналасқан 3 гектар жер учаскесін иеленіп келгені анықталды.  

Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен кадастрлық құны 53,4 млн теңге болатын жер учаскесі мемлекет меншігіне өтті.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар